Алаяқтар заманауи IT технологиялар мен психологиялық әдістерді қолдана отырып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. «Қазақстан киберқалқаны» жобасы — бұл пайдаланушыларды, олардың ақпараттық жүйелерін, желілерін және бағдарламаларын цифрлық шабуылдардан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қызмет. Осы орайда өңір тұрғындарына киберқауіпсіздікті күнделікті тұрмыстық жағдайда ұстану және интернет алаяқтарынан сақтану жолдары жайлы жалпы түсіндірме жұмыстарын қамтыған аз-кем мәлімет ұсынып отырмыз.
Ішкі істер органдары интернет алаяқтыққа қарсы қандай іс-шараларды қолға алуда? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Ел-жұрт неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді? Осы және өзге де сұрақтарға онлайн-брифинг барысында жауап берген ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов: «Интернет алаяқтықтың ең басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалатындығында», — деп атап өтті.
Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. «Уақыт талабынан олар да қалыс қалмай келеді», деген спикер ғаламтордағы әккілердің, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. «Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр», дейді Қ.Нұрмағамбетов.
«Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды», деген ІІМ өкілі қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті.