Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылында қыздар күресінен облыс чемпионаты өтті. Күрес додасына Түркістан облысының аудан-қалаларынан 12 команда, 77 спортшы қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Боз кілем төрінде 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар қатысты.
Ескі Иқан ауылында өткен сайыстың ашылу салтанатына Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Жандос Керімбеков пен Сауран аудандық мәслихатының депутаты Мақсұт Сайдмұхтарұлы сөз алып, жарысқа қатысушы балуандарға сәттілік тіледі.
Облыстың түкпір-түкпірінен іріктеліп келген бұрымдылар күресінің шеберлері боз кілем төрінде жеңіс үшін барын салды. Сайыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс құрамасына шақырту алып, Алматы қаласында ақпанның 19-26 күндері өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайды.
