1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Түркістан облысында ерекше мазмұнда, терең тәрбиелік мәнімен өтті. Бұл күнді Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы «Біз бақытты балдырған!» атты мерекелік кешпен атап өтті. Балалардың құқықтарын қорғау, олардың дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – отбасылық және гендерлік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бала құқығы, денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мәселесіне қоғам назарын аудару, ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге үлес қосу болды. Шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы негізінде әзірленген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен 22 мамыр – «Отбасында өмір сүру бақыты» тақырыптық күніне орайластырылған апталық аясында Түркістан облысының барлық балалар кітапханаларында мерекелік шаралар өтті. Бұл – ұрпақ тәрбиесінде отбасы институтының маңыздылығын нақты іске айналдырған мәдени жобалардың көрінісі.
Мерекелік шараға елге танымал зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Құрметті журналист Роза Нарымбетова, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, еңбек сіңірген қызметкер Несіпкүл Өтебаева және «Түркістан» телеарнасының продюсері Ұлмира Тоқсанбаева балаларды қорғау күнінің мәніне тоқталып, болашақ ұрпаққа ізгі тілек арнады.
Іс-шара аясында Түркістан және Кентау қалалық балалар кітапханалары арнайы кітап көрмесін ұсынып, мерекеге танымдық мазмұн қосты. Кеш барысында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, ертегі кейіпкерлерімен жүздесіп, ерекше әсер алды. Түркістан қалалық полиция басқармасының инспекторы Бағдат Мейірхан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі туралы баяндама жасап, отбасы мен қоғамның бұл саладағы ортақ жауапкершілігін атап өтті.
Кітапхана директоры Рысбек Летаев кешті қорытындылап, белсенділік танытқан балаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Барша балаларға тәтті сусындар мен балмұздақтар таратылып, мереке шаттық пен қуанышқа толы сәттермен есте қалды.
Бұл шара Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан отбасылық құндылықтарды, ана мен баланы қорғау саясатын, сондай-ақ мәдени-ағартушылық жұмыстар арқылы балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған гендерлік саясатты нығайтуға нақты үлес болып табылады. Осындай мазмұнды кештер балаларды еркін ойлауға, өз құқықтарын білуге, мәдениеттілікке баулиды. Сонымен қатар, ата-аналармен тығыз байланыс орната отырып, отбасындағы тәрбиенің маңызын арттырады. Түркістан өңірінде бала – басты құндылық. Оның амандығы мен бақыты – ел болашағының кепілі.