Тұрғын үй – отбасы тұрақтылығының кепілі: Түркістанда әлеуметтік қолдау күшейіп келеді

Отбасы – қоғамның тірегі, ал тұрғын үй – отбасының берекесін арттыратын басты қажеттілік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік әлсіз топтарға ерекше қолдау көрсету. Бұл саясат Түркістан облысында, оның ішінде Түлкібас ауданында нақты нәтижелерін беріп келеді.

Жуырда Түлкібас ауданында 48 отбасыға жаңа пәтердің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, көптен күткен қуанышқа ортақтасты.

Аудан басшысы өз сөзінде:

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықты тұрғын үймен қамту бағытында пәрменді шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде Түлкібас ауданында 3250-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде бүгін 48 азаматқа баспана табысталуда. Бұл тізімде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар мен жас отбасылар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп атап өтті.

Тұрғын үй алғандардың ішінде 7 баланы тәрбиелеп отырған алтын құрсақты ана Сұлушаш Нұрымбетова да бар. Ол өзінің қуанышымен бөлісіп:

– Үй кезегіне 2018 жылы көпбалалы ана ретінде тұрған едім. Бүгін, міне, мемлекеттің қамқорлығы мен бала-шағамның несібесінің арқасында үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмын. Бұл – мен үшін ғана емес, барша балаларыма да үлкен қуаныш. Мемлекетке алғысым шексіз, – деді.

Айта кету керек, бұған дейін биылғы наурыз айында Түлкібастың «Нұршуақ» шағынауданында 56 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілген болатын. Осылайша, 2025 жылдың алғашқы жартысында барлығы 104 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр.

Жаңа үйлерге ие болғандардың қатарында:

  • көпбалалы аналар,
  • жалғызбасты ата-аналар,
  • мүгедек баласы бар отбасылар,
  • жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар,
  • жас отбасылар сынды санаттағы азаматтар бар.

Мұндай топтарға тұрғын үймен қамту – отбасылық саясатты жүзеге асырудағы басты құралдардың бірі. Бұл қадам тек материалдық жағдайды жақсартып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады.

Түркістан облысы соңғы жылдары тұрғын үй құрылысында да, әлеуметтік қамсыздандыру саласында да озық қарқынмен дамып келеді. Облыс басшылығының бастамасымен түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті жобалар нәтижесінде жыл сайын жүздеген отбасы баспаналы болуда.

Бұл тек бір аудан – Түлкібас аясындағы жетістік емес, бұл – бүкіл Түркістан өңірінде жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік саясаттың жемісі. Баспанамен қамту арқылы өңірде тек тұрғын үй мәселесі шешіліп жатқан жоқ, бұл – отбасы институтын нығайтуға, ана мен балаға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *