Қазығұртта отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған форум өтті

Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы отбасынан басталады. Түркістан облысының Қазығұрт ауданында өткен «Қоғамға қауіпті бес кесел» атты форум – осы ойды терең ұғындыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастама болды.

Форум жұмысына Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры, отбасылық құндылықтарды насихаттаушы Оразкүл Асанғазықызы арнайы қатысып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді ашық айтып, терең талдады. Форумның мақсаты – қоғамға қауіп төндіретін факторлармен күрес, отбасылық және рухани құндылықтарды нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін кеңінен қозғау болды.

Оразкүл Асанғазықызы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасы институтын нығайту, демографиялық дамуды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бағытындағы стратегиялық қадамдарын ерекше атап өтті.

«Зорлық-зомбылық – бұл тек отбасының ішкі мәселесі емес, ол бүкіл қоғамға зиян келтіретін үлкен қауіп. Оның астарында әлеуметтік, психологиялық, тіпті экономикалық салдарлар жатыр. Сондықтан оған тек құқық қорғау органдары емес, бүкіл қоғам – әр азамат, әр ата-ана, ұстаз, жастар қарсы тұруы керек», – деді Оразкүл Асанғазықызы.

Ол әсіресе әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің – мемлекетпен қатар азаматтық қоғамның да ортақ міндеті екенін баса айтты. Мемлекет заңнамалық шараларды қабылдап отыр, алайда оны жүзеге асыруда қоғамдық белсенділіктің маңызы орасан.

Форум аясында «Отбасы берекесі» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбек – отбасылық қарым-қатынас мәдениеті, ата-ана мен бала арасындағы сенім, сүйіспеншілік пен жауапкершілік туралы тың көзқарасты баяндайды. Кітап – тәрбие саласындағы ата-аналарға, педагогтер мен жастарға арналған әдістемелік құрал іспетті.

Сонымен қатар форум барысында:

  • отбасылық құндылықтар мен ата-ана жауапкершілігі туралы пікір алмасулар өтті;
  • қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, ашық диалог жүргізді;
  • арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, әдебиеттер арқылы рухани тәрбие насихатталды.

Қатысушылар форумның маңыздылығын атап өтіп, оның отбасылық саясатты жүзеге асыруда, зорлық-зомбылықтың алдын алуда, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау ісінде айрықша рөл атқаратынын жеткізді. Шара соңында Оразкүл Асанғазықызы барша жұртты азаматтық белсенділік танытуға, ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға шақырды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *