Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырып, ананың қоғамдағы, отбасындағы айрықша рөлін ұлықтайтын тағылымды шара – «Ұмай ана» фестивалі өтті.
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл фестивальге Түркістан облысына қарасты 13 аудан мен қаладан 50 жастан асқан аналар қатысып, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық рухани құндылықтарды насихаттаудағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөз сөйлеп, фестивальдің елдік пен отбасылық тәрбиеге қосар үлесі зор екенін атап өтті:
– «Ұмай ана» бейнесі – қазақы болмыста ананың мейірімі, даналығы, қорғаушы рухы сынды асыл қасиеттердің символы. Бүгінгі фестиваль – отбасы институтын нығайтуға, ұлттық тәрбиені жаңғыртуға бағытталған мазмұнды жоба. Біз аналарымыз арқылы ұлттық болмысымызды сақтап, оны ұрпақ бойына сіңіре аламыз.
Фестиваль үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Әр кезеңде қатысушы аналар өз өнері мен өмірлік тәжірибесін сахналық формада көрсетті:
- Таныстыру кезеңі – әр ауданнан келген топ өз құрамын, өңірінің ерекшелігін, рухани-мәдени болмысын 3 минуттық қойылыммен таныстырды.
- Театрландырылған көрініс – «Мейірімді ана – отбасы қорғаушысы» тақырыбында ана рөлін сомдап, шынайы өмірден алынған тағылымды сахналар көрсетілді.
- Тәрбие сабағы – «Ұлттық тәрбиенің түп-тамыры» атты үшінші кезеңде қатысушылар жас ұрпақты тәрбиелеудегі жеке тәжірибелерін ортаға салды. Бұл кезеңде отбасындағы тәлім, әжелік өнеге, салт-дәстүрдің қазіргі қоғамдағы өзектілігі қозғалды.
Қазылар алқасы қатысушылардың сахна мәдениетін, сөйлеу шеберлігін, ұлттық киім үлгісін, тақырыпты ашу деңгейін және шығармашылық көзқарасын негізге ала отырып бағалады.
Фестиваль қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданының «Асыл аналар» тобы 1-орынды жеңіп алды. Түлкібас ауданының «Шаңырақ шуағы» тобы 2-орын, Бәйдібек ауданынан «Домалақ ана» тобы 3-орынды иеленді.
Сонымен бірге сахнада көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше ықыласқа ие болған аналар тобы да арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда:
- «Төле би Ару аналар» – Төле би ауданы
- «Сырлы Созақ аналары» – Созақ ауданы
- «Нұрлы ана» – Сарыағаш ауданы
- «Шежірелі әжелер» – Түркістан қаласы
- «Ұлы дана аналары» – Шардара ауданы
- «Қазығұрт асулары» – Қазығұрт ауданы
- «Берекелі босаға» – Сауран ауданы
- «Ақ кимешек – Аналардың ақ тәжі» – Ордабасы ауданы
- «Дәстүр әжелер тобы» – Отырар ауданы
- «Қарлығаш» – Сайрам ауданы
Фестиваль жеңімпаздары мен қатысушыларына Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Марапаттау рәсімінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева мен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова аналар қауымына шексіз ризашылық білдіріп, олардың отбасылық тәрбие мен қоғамдық келісімдегі рөлін жоғары бағалады.
Фестиваль арсында қатысушылар мен көрермендер арасында ана тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, ұрпаққа берілетін рухани сабақтастық тақырыптарында ашық пікір алмасу өтті. Қатысушылардың айтуынша, мұндай жобалар қоғамдағы әлеуметтік байланысты нығайтып, ананың мәртебесін арттыруға жол ашады. «Ұмай ана» фестивалі – жай ғана байқау емес, бұл – ұлттың рухани тамырын сақтап қалуға бағытталған идеологиялық платформа, – дейді қатысушы аналардың бірі.
«Ұмай ана» фестивалі – отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға, ананың мейірімі мен даналығын ұрпаққа үлгі етуге, ұлттық тәрбиенің өзегін сақтауға арналған рухани-мәдени алаң. Бұл жобаның жалғасы ретінде алдағы уақытта өңірлік деңгейде «Аналар форумын», жас аналарға арналған семинар-тренингтерді өткізу жоспарланса, рухани бай қоғам қалыптастыру жолында нақты қадамдар жасалмақ. Түркістан төріндегі бұл фестиваль – рухтың, тәрбиенің және дәстүрдің биік мерекесі болды.