Түркістанда түрлі өңірдің іскер әйелдері бас қосты

2025 жылғы 7 маусым күні Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында ерекше мазмұнға толы іскерлік кездесу өтті. Бұл жолы Түркістан облысы кәсіпкер әйелдері Ақтөбе облысынан арнайы келген іскер ханымдар делегациясын қарсы алып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасады.

Кәсіпкер әйелдердің кәсіби байланыстарын нығайтуға бағытталған бұл басқосу – Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Кездесу барысында әр өңірдің табысты кәсіпкер әйелдері өздерінің жетістікке жету жолдарын баяндап, бизнес жүргізудегі тәжірибелерімен, қиындықтар мен жеңістерінен туған сабақтарымен бөлісті.

Шараның модераторы қызметін «Қуаныш» ЖШС директоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы Түркістан облыстық филиалының төрайымы Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызы атқарды. Ол кездесуді ашып, қонақтарға жылы лебізін білдіріп, қатысушыларды бір-бірімен таныстырды.

Ақтөбе облысынан келген делегация мүшелері:

  • Молдагереева Бахыт Молдабаевна – «Көмекші үй иесі» клининг компаниясы мен «Lui Baton» кофеханасының негізін қалаушы;
  • Нургалиева Асылжан Жангельдыевна – «Kinder Joy» балабақшалары мен «Art plastica» мүсін түзету студиясының негізін қалаушы;
  • Торышева Айымгүл Амангельдиевна – есік пен ламинат дүкендерінің иесі, жеке кәсіпкер;
  • Сагындыкова Мира Айбековна – «Mira Aibekovna» сұлулық салоны мен трансформациялық клубының иесі;
  • Молдиманова Аида Мұратқызы – «Aidomal» күтім және декоративті косметика дүкендер желісінің негізін қалаушы, визажист;
  • Самал Нұрбековна – «Baimart» азық-түлік дүкені мен «Samal As» наубайханасының иесі.

Әрбір спикер өз саласының ерекшелігіне тоқталып, кәсібін нөлден бастап қалай дамытқаны, қандай қағидаларға сүйенетіні туралы мазмұнды әрі шабыт берерлік ойларымен бөлісті. Баяндамалар тек кәсіпкерлік тәжірибені жеткізіп қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар болатын, табандылыққа шақыратын мотивациялық сипатта өрбіді.

Ақтөбелік іскер ханымдардың сөзінен кейін түркістандық кәсіпкерлер де өздерінің кәсіби жолымен бөлісті. Атап айтқанда, этно-дизайнер, «Бикеш» сән үйінің негізін қалаушы Шарбану Дурманқызы, «Aiko Food» наубайханасының иесі, Түркістан жас кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы, Respublica партиясы жанындағы Re Woman әйелдер қанатының жетекшісі Айгерім Номанова, және ерекше балалармен жұмыс істейтін «Арман-Қанат» қоғамдық бірлестігінің директоры, ақын, ұстаз, көпбалалы ана, «Шапағат» медалінің иегері Әсел Бимурзаева өз істерінің маңыздылығын баяндады.

Бұл кездесу – тек тәжірибе алмасу емес, жүректерді жақындатқан, сенім мен серіктестікті нығайтқан ұлағатты жүздесу болды. Түркістан мен Ақтөбе өңірінің іскер әйелдері арасындағы диалог алаңы жаңа идеяларға жол ашып, екі жақты әріптестіктің тамырына нәр берді.

Іс-шара соңында модератор Инара Намазбаева барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, мұндай кездесулердің жалғаса беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, бұл кездесуге мұрындық болып, өңіраралық ынтымақтастықты жандандырып отырған Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы Сәрсембаеваға ерекше алғыс айтылды.

Түркістан мен Ақтөбеден келген іскер арулардың бұл кездесуі – тек пікір алмасу ғана емес, бірлік пен берекеге негізделген жаңа мүмкіндіктердің бастауы болды. Қадамдар үйлесіп, ойлар тоғысқан бұл бастама – келешекке бағытталған ортақ жолдың кіріспесі ғана.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *