ТҮРКІСТАН: АБЫРОЙ ИЕСІ

 

Қоғамда әрбір адамның, әрбір қызметтің өз орны бар. Және ол қызмет, мамандық түрін үлкен-кіші, жоғары-төмен деп бөліп-жарып қарау орынсыз. Өйткені, қай мамандықты алсаңыз да өзіне жүктелген лайықты міндеті, жауапкершілігі бар. Заман қаншалықты өзгеріп, қарыштап дамып кетсе де, маңыздылығын жоғалтпаған қоғамға қажет қызмет түрі — пошта. Пошта —  мемлекеттік байланыс жүйесінің маңызды мекемесі. Ол бұрын да маңызды болған, әлі де маңызды. Өткен тарихқа аздап көз жүгіртсек, 1917 жылғы Қазан төңкерісінің бас ұйымдастырушысы, революционер  В.И.Ленин бұл тарихи көтерілісте жеңіске жету үшін ең алдымен почта, телеграф, телефон, темір жол станцияларын алу керектігі  жөнінде нұсқау берген және бұл тұжырымның өзін-өзі ақтап шыққандығы тарихтан белгілі. Бұл мысал арқылы біз пошта байланысының өмірдің күретамыры екендігін айтып өткіміз келеді. Қазақстанда алғашқы пошта бөлімі 1860 жылы бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласында ашылған болатын. Жергілікті халықтың мәдени-тұрмыстық мұқтаждығына қажет заттар жеткізу, бір ел ішінде және шетелдермен ақпарат алмасу мәселелерін қамтамасыз ететін бұл қызмет саласы бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ —  деген атаумен жұмыс істеуде. Біздің әңгімемізге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз — пошта саласында ұзақ жылдар бойы  бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары сияқты әртүрлі деңгейде қызмет істеп, соның ішінде   Түркістан пошта байланыс торабын он бір жыл бойы басқарған тәжірибелі  басшы,  қазіргі кезде  бейнетінің зейнетін көріп, бақытты ғұмыр кешіп отырған еңбек ардагері, «Құрметті байланысшы» төсбелгісінің иегері, Түркістан қалалық әйелдер алқасы мен ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі,  ағымдағы жылдың 3-ші шілдесінде «үш жиырма бестің» белесіне шыққан асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже Тамара Қопабекқызы Қиямбекова.

Жүзінен мейірім төгілген, жанары шуақты апайымызды сонау  өткен ғасырдың орта кезінде, ауданның ТГЖД аймағындағы Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы мектепте оқып жүрген кезімізден білетін едік. Ауыл- аймақ түгел «Қопаш көке» деп сыйлайтын Қиямбековтер  шаңырағы  ескі, бастауыш Мәншүк мектебінің жанында болатын.  «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» жатқандықтан да  Тамара апайды бала күнімізден танып өстік. Есейе келе, өз ісінің маманы болып қалыптасқан, қоғамнан ойып алар орны бар, салмақты мінезді, сабыр иесі Тамара Қопабекқызы туралы көпшіліктің білдірген жылы лебізіне сүйсініп, сыйлас апайымыздың абыройлы тірліктеріне сырттай марқайып жүруші едік, әлі де мақтан тұтамыз.

Пошта қызметі қай кезде де өзекті сала екені белгілі. Өзіне тән қиындығы, ерекшеліктері бар қызметтің үдесінен шығу үшін біліктілік, білім қажет. Тамара Қопабекқызы бір орында үздіксіз еңбек ете жүріп шыңдалды, шынықты, өз кәсібін меңгерді. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған кәсіп иелерінің бірі.

Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының география факультетін 1967 жылы бітірген соң, екінші мамандық алуды мақсат тұтқан Тамара Қиямбекова Мәскеу байланыс техникумына оқуға түседі. Ол сол кезде осы саланың өмірлік кәсібіне айналатынын білген де жоқ еді. Еңбек жолын 1971 жылы  Түркістан байланыс торабында есепшілік қызметтен бастап, есеп айырысу бухгалтері, аға бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары болып, сатылап өсе берді. Өз жұмысына тиянақтылығы, жауапкершілігі, еңбекқорлығы ескерусіз қалған жоқ. Мекеме басшылығына да осындай ізденімпаздығының, ұйымдастырушылық қабілетінің, көпшілікпен тіл табыса білуінің, көркем, салмақты мінезінің арқасында тағайындалды. Түркістан байланыс торабына Тамара Қопабекқызы басшылық жасаған жылдар — мекеме жұмысының табысқа қол жеткізген жемісті жылдары болды десек артық айтқандық емес. Салалас байланыс жүйелері арасында үнемі алдыңғы қатардан көрінетін түркістандықтар есімі сол кездегі мерзімдік басылымдарда жиі аталатын. Ескі көзкөргендер де арада қаншама уақыт өтсе де, көрген жерде Тамара апайдың әрбір істі ойланып, сабырмен шешетін мінезін, әріптестермен мәдениетті қарым-қатынасын айтып, алғыс сезімдерін білдіреді. Осындай еселі еңбектің жемісі болса керек, 2007- жылы «Құрметті байланысшы» төсбелгісімен  марапатталды. Еңбек майталманы туралы «Өмірлері өнеге», «Түркістанның жұлдызды қыздары», «Аяулы, ардақты», «Қазпоштаның 15 жылдығ», «Байланыстың күре тамыр» атты кітаптарда, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері — 22» республикалық байқауының мақалалар жинағында, «Қазақстан аналарының» энциклопедиясында (Түркістан облысы) өнегеге толы мақалалардың жарық көруі — тағылымды  ғұмырдың айғағы. Жылылық нұрына малынған  ұядай шаңырақ төріндегі  бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысы  әкімінің, Түркістан қаласы әкімінің, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасының, АҚ ОҚОФ бастығының  еселі еңбегі үшін марапаттаған «Алғыс хаттары» мен Құрмет Грамоталары да аянбай еткен еңбектің жемісі.  Немерелерінің әжесінің өмірі туралы әңгімелеріне жиі арқау болатын айғақты қымбат  құжаттар. Айта кету керек, отағасы Исағали Саухимов екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген шаттықты шаңырақ иелері. Отағасы  И.Саухимов жоғары білімді бухгалтер-экономист. Киелі қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға елеулі үлесін қосып, адал еңбек еткен азамат. Қос ұлы Еркін мен Нұрланнан, қызы Данадан он бір немере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп отырған Тамара Қопабекқызы Қиямбекова зейнетке шықса да, қасиетті Түркістанның қоғамдық өміріне белсене қатысады. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында, Оқушылар сарайы мен әкімшілік, ресми орындарда, білім ордаларында өткен мәдени-танымдық іс-шараларға Түркістанның аяулы аналары, кітапхана ісінің, мәдениеттің майталмандары Раушан Сержанова, Уғулжан Халықбердиева апайларымызбен қаздай тізіліп қатысып, жеке бастарының үлгі-өнегесімен де, аналық ақыл-кеңестерімен де қоғамның дамуына өз үлестерін қосып жүр. Өмірден көрген-түйгені мол аналарымыздың  атадан балаға мұра болып келе жатқан  ұлттық  салт- дәстүрімізді жастардың бойына сіңіруі де — ұрпақ сабақтастығының белгісі. Қорыта келе айтарымыз,  Тамара Қопабекқызы Қиямбекованы шілде айының бас кезінде атап өткен жетпіс бес жылдық мерейлі жасымен құттықтай отырып, өміріңіз мәнді, көңіліңіз сәнді болсын деген шынайы тілегімізді жеткізгіміз келеді. Жарты ғасыр ғұмырын түркі әлемінің тұмары- Түркістанға арнаған Тамара апайымыз — үлкен абырой иесі.

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *