Бүгін түнде әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек елге оралып, спортшыны Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров бастаған бір топ спорт жанашыры салтанатты түрде ықыласпен қарсы алды.
Жерлесіміз Шұғыла Өмірбек 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен күрестен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп, осы санат бойынша әйелдер күресі тарихында Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жеңісті «тарихи жетістік» деп атап, ел намысын қорғаған жас чемпиондарға зор сенім білдірген болатын.
Қала әкімі өз сөзінде Шұғыланың жеңісі барша түркістандықтардың және қазақстандықтардың ортақ қуанышы екенін атап өтті.
Салтанатты іс-шарада чемпионның бапкерлеріне, ата-анасына және командасына алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.
