Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов басқармалар тарапынан атқарылған жұмыстармен танысып, алдағы жоспарларды талқылады. Басты мақсат — басқармалармен байланысты одан әрі нығайтып, ортақ мақсаттарға қол жеткізу.
Осы орайда, мәслихат төрағасы кеше бірнеше басқарма басшысын қабылдады. Атап айтқанда, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуаныш Асановтың атқарылған жұмыстар туралы ақпаратымен танысып, алдағы жоспарларды талқылады. Басқарма өкілі аудан, қала әкімдіктері тарапынан берілген мәліметтерге мониторинг жүргізіліп, 604 заңсыз құрылыс анықталғанын баяндады. 9 айдың қорытындысы бойынша «Сәулеттік жобалар бойынша» 8 мәжіліс ұйымдастырылып, 87 эскиздік жоба қаралған. Жалпы облыс бойынша 801 елді мекен болса, соның 794-і бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарларын жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланған.
Сондай-ақ, қала мен аудан орталық-тарының сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында сәулеттік келбеттің дизайнын (дизайн код) әзірлеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, Нұралы Әлмаханұлы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының есебін тыңдады. Басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Жаңабергеновтің айтуынша өңірде жыл басынан бері жалпы сомасы 293,8 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталған. Бұдан бөлек, талдау жұмыстарының нәтижесінде, облыста мемлекеттік сатып алудың бір көзден сатып алу тәсілі арқылы жыл басынан Заң талаптарына сай келмейтін жалпы соммасы 8,2 млрд. теңгені құрайтын 263 келісімшарт негізсіз түзілген.
Сол секілді мәслихат төрағасына облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулетқұл Тайшман өңірдегі құрылыс нысандарын қадағалау бойынша атқарылған жұмыс қорытындысы туралы есеп берді. Басқарманың мәліметінше, құрылыс саласында лицензия алуға, қайта тіркеуге қатысты барлығы 613 өтініш қабылданып, 291-і қанағаттандырылса, 219-ы дәлелді бас тартылған. Оның ішінде, лицензия алуға қатысты 151 өтініш тіркеліп, 42 өтініш бойынша дәлелді бас тартылса, 109 өтініш қанағаттандырылған. Осы жылдың 10 айында 1282 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, бақылауға алынған. Оның 212-сі бюджеттік, 216-сы инвестициялық жоба, 854-і жеке кәсіпкерлік нысан.
Өз кезегінде мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов тиісті басқармалардың атқарған жұмыстарындағы мәселелерді атап өтіп, алдағы уақытта тиімді жоспарлауды ұсынды.
