ТҮРКІСТАН: АУДАНДАРДА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУҒА ТОЛЫҚ МҮМКІНДІК БАР

 

Таяуда Түркістан облысының Созақ  аудан орталығы Шолаққорғанда Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды. Соңғы уақыттары өңіріміздің әр аймағында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында бұқараны спортқа баулу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осындай игілікті қадам атап өткеніміздей Созақ ауданында көрініс тауып отыр. Бұл мақсатта аудан әкімдігі кәсіпкерлерді бір мақсатқа жұмылдырып, мәселені мемлекет қазынасынан ғана емес, демеушілер есебінен шешуге де ден қойған.

Тарқатып айтсақ, заман талабына сай салынып, жасыл төсенішпен жабдықталған жаңа нысан тұрғындар үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жиналғандарды спорт алаңының ашылуымен құттықтап, оның қоғамдағы маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамыту арқылы кәсіби спортқа жол ашылатынын сол арқылы ұлт саулығын жақсаратынына ерекше мән беруді ұсынып отыр. Сондықтан спорт инфрақұрылымын дамытуға мемлекет есебінен тиісті қаражат бөлінуде. Дегенмен одан бөлек біз осындай нысандарды ауданымыздағы кәсіпкерлердің қолдауымен де іске асыруға күш салып келеміз. Сондықтан біз аудан халқына барынша осындай мүмкіндіктер жасауға ұйытқы болуымыз керек»,- деп саладағы бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Ауыл ақсақалдары да алаңның табысты қызмет етуі үшін ақ баталарын берді.

Жобаны жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев жүзеге асырды. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайтын кешен жыл бойы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

Алаңның ашылуынан кейін ересектер арасында кіші футболдан турнир басталып, оған 12 команда қатысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *