МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 16 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

 

Биыл республиканың Тәуелсіздік алғанына 34 жыл толып отыр. Бұған дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келген 16 желтоқсандағы тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге ауыстырылды. Президенттің айтуынша, бұл күн күнтізбеде мереке болғанымен, ол күн еске алу күні сипатында ерекшеленетін болмақ. Заңға сәйкес ұлттық мереке ретінде елдің дамуына айтарлықтай әсер еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалар болған күн бекітіледі. Бұл, әрине, тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан – 86 көтерілісін еске алуға ешқандай бөгет болмайтынын байқатады.

Бұған дейін ақпараттық порталымызда хабарлағанымыздай осынау айтулы мереке қарсаңында Түркістан облысы Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. «Жеткіншек» шағын ауданында бой көтерген 2 қабатты тұрғын үйде 16 пәтер бар. Бұл пәтерлердің кілттері апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына табысталды.

Тұрғын үйдің құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.

– Апатты үйлердің мәселесін шешу – басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін Қазатомөнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, «КАТКО» және «Қазатомпром-Сауран» басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар «КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл сөз алып, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынды. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген.

Айта кетерлігі, елімізде әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты көрсеткіштерінің бірі – баспанамен қамту деңгейі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта нақты міндеттер жүктеп, әрбір азаматтың қолжетімді әрі сапалы тұрғын үйге ие болуын мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде белгілеген.

Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алып, көптеген өңірлерде жаңа ықшам аудандар, көпқабатты үйлер мен жеке тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Бұл – бір жағынан халықты баспанамен қамтамасыз етсе, екінші жағынан құрылыс саласының дамуына, жұмыс орындарының көбеюіне және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етуде.

Мемлекеттік «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» секілді бағдарламалар аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жастар және бюджеттік сала қызметкерлері үшін тұрғын үй сатып алуға жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлер де көптеп салынып жатыр.

Жергілікті әкімдіктер тарапынан кезекте тұрған азаматтарға баспана беру ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымы дайындалған тұрғын үй алаптары мен қолжетімді ипотекалық бағдарламалар да халықтың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін арттыруда. Бір ерекшелігі біз жария етіп отырған ақжолтай қуанышты жаңалық яғни жаңа баспаналар жергілікті биліктің мұрындық болуымен демеушілер себінен қаржыландырылып отыр.

Қорытындылай келе, тұрғын үй – тек әлеуметтік қажеттілік қана емес, ол – ел азаматтарының тұрақты өмір сүруіне, отбасылық институттың нығаюына және болашақ ұрпаққа сенімді тірек. Осы ретте баспана мәселесін шешу – мемлекет пен қоғам үшін басым бағыт болып қала береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *