ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІНДЕ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ДЕ ҚОЛТАҢБАСЫ БАР

 

Түркістан облысында әйелдер тек отбасында емес, қоғамның ең өзекті салаларында – әлеуметтік өмірдің әр тармағында жаңару мен жақсылықтың бастаушысы болып отыр. Олар – мейірім мен тәртіптің, жауапкершілік пен әділеттің үлгісі. Әйелдердің осындай белсенділігі мен жанашырлығы Түркістан өңірінің жаңа әлеуметтік келбетін қалыптастыруда шешуші рөлге ие.

Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер – тек заңдар мен реформалар арқылы емес, сол қоғамның белсенді азаматтарының күнделікті еңбегімен жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан облысының әлеуметтік дамуындағы әйелдердің орны айрықша. Қарапайым ауыл әйелінен бастап қоғамдық кеңеске мүше, үкіметтік емес ұйым жетекшісі, ерікті, әлеуметтік жұмысшы, дәрігер немесе педагогқа дейін – олардың барлығы өңірдің әлеуметтік бейнесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарып отыр.

Түркістан облысында түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрамында 2 мыңнан астам әйел бар. Олар ауылдың күнделікті тіршілігіне қатысты шешімдер қабылдауға қатысып, халық пен билік арасындағы көпірге айналып отыр. Әсіресе әлеуметтік мәселелер – аз қамтылған отбасылар, мүгедек жандар, балалар мен қарттарға қатысты бастамаларда әйелдердің көзқарасы мен ұсыныстары маңызды рөлге ие.

Осы жылдың ішінде Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарында ауылдық деңгейдегі «Әйелдер кеңесі», «Аналар кеңесі», «Әжелер алқасы» сияқты қоғамдық құрылымдар әлеуметтік мәселелерді шешуге тікелей араласып, жүзден астам нақты ұсыныстың жүзеге асуына ұйытқы болды.

Түркістан облысында медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау сияқты маңызды салаларда еңбек ететіндердің басым бөлігі – әйелдер. Бұл тек сан ғана емес, өңір халқының өмір сапасын жақсартуға әйелдердің тікелей үлес қосып отырғанын көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласында ана мен баланы қорғау, ауылдық жерлерде амбулаториялық көмек ұйымдастыру, мобильді бригадалар қызметін үйлестіруде әйел мамандардың орны ерекше. Білім саласында ауыл мұғалималары мен мектеп басшылары ретінде әйелдер тек сабақ беріп қана қоймай, балалардың тәрбиесі мен әлеуметтік мәселелерін шешуге де атсалысуда. Әлеуметтік қызмет көрсету саласында ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға, қарттарға, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп жүргендердің дені де әйелдер.

Мысалы, Түркістан қаласындағы «Жанұя орталығы», «Ана мен бала орталығы», «Көмек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін қызметкерлердің көпшілігі әйелдер. Олар тек қызмет көрсетіп қана қоймай, адамдардың тағдырына араласып, моральдық-психологиялық қолдау көрсетіп келеді.

Әлеуметтік өзгерістердің ішінде ерекше топ – ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар. Түркістан облысында мыңдаған ана мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеумен қатар қоғамдық белсенділік танытып отыр. Олар түрлі қоғамдық бірлестіктер мен ата-аналар ұйымдары арқылы инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға, мүгедектігі бар балаларға қолайлы орта қалыптастыруға күш салып келеді. Мысалы, Жетісай қаласындағы «Қамқор ана» қоғамдық қоры немесе Түркістандағы «Бақытты балалық шақ» ұйымы – ерекше аналардың бастамасымен құрылған ұйымдар. Олар көптеген отбасыға қолдау көрсетіп, қоғам назарын маңызды әлеуметтік мәселелерге аударуда.

Соңғы жылдары өңірде волонтерлік қызметке тартылған әйелдердің саны күрт артты. Әсіресе пандемия кезінде және төтенше жағдайлар кезінде ерікті әйелдер халыққа нақты көмек беріп, ел алғысына бөленді. «Шапағат», «Жүрек жылуы», «Аялы алақан», «Ана жүрегі» сияқты бастамалар аясында олар азық-түлік жеткізіп, киім-кешек таратып, жалғызбасты қарттарға қамқор болып, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп келеді.

Мемлекет тарапынан да Түркістан облысындағы әлеуметтік бағыттағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Әйелдерге арналған қайта даярлау курстары, жұмыспен қамту бағдарламалары, микронесиелеу мен гранттар жүйесі олардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға жол ашып отыр. Есепті кезеңде өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып отырған 500-ден астам әйел қолдау алып, шағын жобаларын жүзеге асырды. Олардың ішінде наубайхана, шаштараз, балалар үйірмесі, тігін цехы, логопед кабинеті сияқты кәсіп түрлері бар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *