Тазалық – тек айналаны ретке келтіру емес, ұлттың ішкі мәдениетінің, қоғамның рухани деңгейінің айнасы. Табиғатпен үндес өмір сүріп, туған жерге жанашырлық таныту — әрбір азаматтың борышы. Осы биік жауапкершілікті терең сезінуден туған «Таза Қазақстан» акциясы ел аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға деген немқұрайлылықты жоюға бағытталған маңызды қоғамдық бастамаға айналды.
Бұл акция — бір күндік сенбілік немесе уақытша шара ғана емес, ол — ұрпақ санасына тазалықты, тәртіпті, табиғатқа құрметті сіңіруді көздейтін үлкен тәрбиелік қозғалыс. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы бастама аясында халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Парасат» саябағында ағаш егу шарасы өткен болатын.
Іс-шараға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қаладағы ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер және ерікті жастар қатысты.
Айта кетейік, акцияның негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамаларға жұмылдыру болатын. Сонымен бірге, қала аумағында жасыл желекті көбейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймақтарын арттыруға үлес қосу көзделді. Естеріңізге сала кетейік, аталған іс-шара барысында, сондай-ақ, бұған дейінгі сенбіліктер аясында қатысушылар қала аумағында бірнеше жүз түп көшет отырғызды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар табиғатты қорғау санасын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы ашықтық пен парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаны қорғау — бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың тағдырымен тікелей байланысты мәселе. «Таза Қазақстан» акциясы арқылы тек көшелер мен аулаларды тазалап қана қоймай, қоғам санасын жаңғыртуға қадам жасалуда. Табиғатты аялау — заңмен ғана емес, жүрекпен орындалатын міндет екенін осы бастама айқын көрсетіп келеді. Әр азамат өз ауласын, өз көшесін, өз өлкесін таза ұстауды өмірлік ұстанымына айналдырса, Түркістан қаласы одан сайын көркейіп, экологиялық жауапкершілік ұлттық құндылық деңгейіне көтеріледі деп сенеміз. Жалпы, Түркістан қаласында экологияны жақсартуға бағытталған іс-шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады.
Дәурен Тілеухан.
