Түркістан облысы Жетісай ауданында қасиетті Рамазан айының құрметтіне орай «Жылы жүрек – жомарт қол» атты қайырымдылық акциясы өтті. Шараның ұйымдастырылуына аудандық «Нұғман» мешіті мұрындық болды. Акция барысында аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы 145 отбасыға 13500 теңгелік азық түлік пен күнделікті тұрмыстық заттар себеті салтанатты түрде табыс етілді. Жалпы Рамазан айы басталғалы бері «Нұғман» мешіті жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, бұған дейін түрлі қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. «Рамазан — қайырымдылық айы. Осы қасиетті айда мешіт ұжымы мен жергілікті жомарт жандар бірігіп, бүгінгі акцияны ұйымдастырып отырмыз. Жыл басынан бері біздің мешітте көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар және аз қамтамасыз етілген отбасылардың тізімі жасақталды. Нәтижесінде 500-ге жуық отбасыны тіркедік. Сөйтіп, осы отбасыларға жыл бойы қолдау, жәрдем беріп отыруыды ұйғардық. Осы мақсатта бүгін 145 отбасыға бір айға жететін азық түлік себетін тарту етіп отырмыз» дейді «Нұғман» мешітінің бас имамы Бекзат Сыздық.