АБАЙ ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙДЫ

АБАЙ ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙДЫ

19 просмотров

АБАЙ ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙДЫ

Биыл ұлы Абайдың туғанына – 175 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласында: «Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ, мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» деп жазды.

Ел Президентінің бастамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жан-жақты дайындықтар басталып та кеткен.

Осы жерде айта кетерлігі, былтыр Абай ақынның шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім деген оқушы қыз «Абай өлеңдерін жатқа оқу» челленджін бастап, оны Президентке жолдаған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Халық арасында зор қызығушылық тудырған бұл бастама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты десек қателеспейміз. Президент айтқандай, бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Осы челлендждің арқасында мен де Абай атамыздың бірнеше өлеңдерін қайта жаттадым. Аға буынның «Абайды әр оқыған сайын жаңа қырынан танимыз» деген сөздері көкейге қонымды. «Ғылым таппай мақтанба», «Сегіз аяқ» сияқты туындыларын әр қайталаған сайын өзіме жаңалық ашамын. Ақын өлеңдерін бала кезден жаттап жүргенмен есейген сайын мағынасы арта түсуде. Өзімнің достарым мен қатарластарыма да Абай шығармашылығымен терең танысуға кеңес беремін.

Абай – қазақ әдебиетіне жаңа поэтикалық формаларды енгізген ақын. Қазақ тілін меңгерудің негізгі қағидаларын ұстана отырып, ана тілінің мүмкіндіктерін ашып берді. Сондықтан ұлы ақын шығармалары философиялық тағлымы терең, мәнісі зор туындылар. Рухани әлемде ойып тұрып орын алғымыз келсе, Абайды дәріптеуіміз керектігін Президент ерекше атап айтты. Абай – қазақтың, Қазақстанның ежелгі һәм жаңа бренді.

Ел болашағы – өскелең ұрпақ. Ұлт тарихын толық меңгерген, әдебиетіндегі батырлар мен ұлылардың өсиетін оқыған, бойында адамзатқа деген сүйіспеншілігі мол жас өреннің болашақ үшін қиянат жасамасы анық. Абайдың ой-тұжырымдарын рухани азық қыла алсақ, тура жолдан адаспайтынымыз хақ. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін әрдайым жадымызда ұстауға тиіспіз.

Бек Сабыртегі,

«Аймақ».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *