АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

9 просмотров

АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Тәуелсіз Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін ой елегінен өткізу елдің жаңа мемлекеттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының ұлттық ерекшеліктеріне, оның идентификациялық бастауларына зер салу рухани жаңғыру процесінің барысында және еліміздің экономикалық, әлеуметтік-мәдени саясатын айқындауда айрықша маңызға ие.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халқымыз ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемелденуіміздің айқын бағдарламасы ретінде қабылдады. Президент бұл бағдарламалық мақаласында мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруіне, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс екеніне, мұның саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынына баса назар аудара отырып, қуатты ел болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы ой-пікірлері мен көзқарастарын ортаға салды.

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс, – деп жазады мақаласында Тұңғыш Президент. – Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».

Тағы да Елбасының Абай турасында айтқан пікіріне зер салайық: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі арқылы ұлы ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғарасыз.

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы елімізде зор сілкініс туғызып отыр.

Ұлы Абайдың мерейтойына дайындық қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде бағалануда. Президент мақаласында ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпестей із қалдырған ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тапқанын баяндай отырып, ұлы далада Абай әлемі деген бірегей құбылыстың орынды бағаланғанына назар аударады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақала авторы ретінде Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскісі келеді.

Терең мазмұнымен оқырманын баурап алатын бұл еңбек «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» және «Торқалы тойдың тағылымы» деген тақырыпшалармен берілген. Президенттің әр тақырыпша төңірегінде ортаға салған ой-пікірлері данышпан Абай мұралары мен өсиеттерінің мән-мағынасын барынша аша түскен.

Мемлекет басшысы мақаласының «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» тақырыпшасымен берілген бөлімінде Абай әлеміне тереңдей түсіп, бірқатар өзекті ойларын ортаға салады. «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?» деген сұрақ туындайды, – дейді Президент. – Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуға тиіс.

…Шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін айтатындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «қазақ халқы – Абайдың халқы» деп, бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық».

Президент Қ.Тоқаевтың бұл идеясы қазірден бастап жүзеге аса бастады. Бұған бауырлас Түркия жазушысы, Еуразия Жазушылар одағының басшысы Якуп Өмероғлуның «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында айтылған ой-пікірлер айқын дәлел.

«Абайдың ақылы, қоғамды ағарту, кеңес беруі тек қазақ халқы үшін жазылмаған, – дейді жазушы. – Ол бүкіл түрік әлеміне жол көрсететін тұлға десек артық айтқандық емес. Хакімнің тату түркі әлемін құру идеалдарын іске асыруымыз керек. Ол – бүкіл түрік әлемі мойындайтын, ұстанатын және түсінетін ұлы және білімді тұлға».

Жазушы Абайды түркі әлемі тұтастығының жанашыры тұрғысында бағалай отырып, Абайдың идеалды тұлғасын түркі әлеміне кеңінен танытудың маңызына айрықша тоқталады. Абай Құнанбайұлын Түркияда насихаттау мақсатында 2020 жылы Еуразия Жазушылар одағы түрлі іс-шара өткізуді жоспарлаған, солардың бірі ретінде Абай туралы ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері жинақталған кітап шығарылады.

Президент мақаласының «Торқалы тойдың тағылымы» деген бөлімінде Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатыны айтылған. Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.

Әдебиет пен өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады.

Президент Қ.Тоқаев мақаласының қорытындысында әр азаматтың осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойлануына баса назар аудара отырып, төмендегідей қабырғалы сауалдарды көлденең тартады: Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісінен күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па?

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

Өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.

Ұлы Абай «Қара сөзінде» қазақты ХХ ғасырға дайындады, тұтас ұлт болып ұйысуға шақырды.

Қазіргі қазақ Абайдың ақылын алып, айтқанын істеп жүр ме? Данышпан Абай халқына жол сілтеді. «Қазаққа бірлік керек, бірлік болғанда – ақылға бірлік керек» деді.

«Нағыз ақылға бірлік жасайтын заман туды, – деп жазады танымал публицист, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртөре Жүсіп. – Қазақтың ақылды жастары бас біріктіруі тиіс. Қайткен күнде қазақты алға сүйрейміз, қандай жағдайда қазақтың байлығына өзіміз ие боламыз, қалай жасасақ өз ішіміздегі және сырттағы жемқорларға жем болмаймыз. Қазақстанның ақпарат қауіпсіздігін қалай нығайтамыз, киберқылмыстармен қалай күресеміз, қайтсек қазақтың қара баласының күні туады, ұлт игілігі үшін не істесек болады, өз еліміз, өз жерімізде шынайы тәуелсіздік алды деп, аяқты алшаң басып, кеудені керіп, еркін демалып, еркін өмір сүретін жағдайға қалай жетеміз?» деп ақылға бірлік жасаудың амалына көшу керек.

«Бірлік – ақылға бірлік» деген Абай неткен көреген?!

Ендеше, Абайдың тілін неге алмаймыз?!

Осыдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын туған халқына жөн сілтеген, ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтқан, өз ұлтын сүюдің өнегесін көрсеткен ұлы ойшыл, кемеңгер хакім Абай тағылымы мәнін жоймайды, оның өсиет-мұралары халықты адастырмайтын шоқжұлдызға айнала береді. Оның ой-тұжырымдарында ұлт болмысы айқын көрініс тапқан. Абайдың өмірлік ұстанымдары, парасат-пайымы терең ізденістерге жол сілтейді

Сейдулла САДЫҚОВ,

ф.ғ.д, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *