АБАЙ МЕН ӘЛ-ФАРАБИ РУХАНИ САБАҚТАС

АБАЙ МЕН ӘЛ-ФАРАБИ РУХАНИ САБАҚТАС

41 просмотров

АБАЙ МЕН ӘЛ-ФАРАБИ РУХАНИ САБАҚТАС

Ұлы ойшылдарымыз Фараби мен Абайдың рухани әлемі – ерекше бір тылсым дүние, олардың негізгі зерттеу объектісі – адам. Адамның эстетикалық, этикалық келбеттері, армандары мен мақсаттары, өмірлерінің мәні, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшеліктері ұлы ойшылдарды терең тебіреністерге түсірген. Өйткені, адам мәселесі, олардың өзара қарым-қатынасы, өмірі мен тұрмысының мәні философияның негізгі өзегін құрайды. Дана Абай адам проблемасының қоғамдық, рухани, этикалық, эстетикалық тұстарына жан-жақты қарайды. Ал, бұл мәселелердің бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне ешқандай күмән жоқ. Абай адам табиғатын этикалық түрғыда қарай отырып, оның тұтас алғандағы кісілік қалпын, ұжданды, «сегіз қырлы, бір сырлы» сырбаз адам, яғни кемеліне жеткен «толық адам» ретінде көрсетеді. «…Адам деген даңқым бар» дейді Абай. Сол арқылы ол неден қашық, неге асық болу керек екеніне тоқталып, жақсылық пен жамандықтың, көкірек көзі ашықтық пен надандықтың шынайы мәнін ашып береді.

Әл-Фарабидің еңбектерінде адам тәрбиесі ерекше орын алады. Ол «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деп, оқып-білім алу, ғалым адам болу мәселесін тәрбиемен тығыз байланыстырады. Тәрбие мәселесін әл-Фараби осындай кең мағынада түсіне отырып, тәрбиенің жалпы халықтар мен қала тұрғындарының өмірінде алатын орнын, атқаратын рөлін жоғары бағалайды. Дұрыс тәрбие берілмеген халықтар мен қала түрғындары «надан» халықтар немесе қала тұрғындары деп аталып, ондай қалалардың түрлері, адамдарында кездесетін нашар мінез-құлық, іс-әрекеттер сипатталады.

Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санай келе, оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасайды. «Еңбектің өзі – өнер. Ал, еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады» дейді Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырады. Әл-Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғышарты деп есептеді.

Әл-Фараби мен Абай – қазақ топырағынан шыққан əлемдік деңгейдегі кемеңгерлер. Олар күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Біз әл-Фараби, Абай сынды ұлы тұлғалар еңбектерінің мемлекетіміздің тәуелсіздікті нығайту, ұлт тұтастығын ұйыстыру, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, білімділікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің негізі екенін ұмытпауымыз керек. Әл-Фарабиді таныған, Абайды терең түсінген ұрпақ өзінің ұлттық рухын жоғары ұстайды, қиын-қыстау кезеңдерден дұрыс жол тауып, еліміздің алға дамуына барынша үлес қосады. Сондықтан да бұл мерейтойлардың біз үшін маңызы ерекше. Бұл тарихи даталарды ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат ұлтымыздың ұлы тұлғалары – әл-Фараби мен дана Абайдың тағлымын жастардың санасына сіңіру, кемеңгерлеріміздің ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Тойдың өзегі – әл-Фараби мен Абай мұраларын насихаттау арқылы қазақты әлемге таныту. Ұрпақтың бойына ұлы бабаларымыздың еңбектерінің биік тағлымын сіңіру. Бұл тойлардан қандай үлгі-өнеге алдық, жас ұрпаққа ұлы бабаларымыздың терең мағыналы ғибратты ойларын таныта алдық па? Біз той барысында осындай сауалдарға жауап алуымыз керек. Сонда ғана той мақсаты орындалды деп айтуға болады.

Бақытжан БУКЕБАЕВ,

Түркістан қаласы әкімдігі «Ішкі саясат» бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *