Арыстағы апатқа – бір жыл

Арыстағы апатқа – бір жыл

17 просмотров

Арыстағы апатқа – бір жыл

Жалпы Арыс қаласын қалпына келтірушілердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы нәтижелі істер халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі екенін атап өтіп, игі іске атсалысқан барша жұртқа ризашылығын білдірді. Президент Ақордада өткен салтанатты жиында Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырған болатын. Сол салтанатта 40 адам марапатталды. «Қайғылы жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қазақстанның әр тұрғыны үлес қосты. Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсетті. Патриотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек» деген еді сол жиында Мемлекет басшысы.
Былтырғы жаздың жаймашуақ таңы Арыс халқын күтпеген жерден әбігерге салды.
№44 859 әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасы жарылып, қаланың 45 мыңнан астам тұрғынын дүрліктіріп жіберді. Кәдімгі соғыс кезіндегідей ысқырған снарядтар әп-сәтте қаланың астаң-кестеңін шығарды. Бас сауғалап қашқан тұрғындардың баспанасын тастап, қауіпсіз аймаққа шұбырған кейпі әлі күнге дейін көз алдымызда. Ел басшылары төтенше жағдай жариялап, Арыс халқына қолдан келген көмегін аямады. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ысқырған оқтың астында жүріп, шошынған халыққа басу айтты. «Біз сіздермен біргеміз!» деді Президент. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сол бір аласапыран кезде күндіз-түні арыстықтардың жанында жүрді. Тез арада штаб құрылып, қала 17 секторға бөлінді. Әр секторға республикадан бір-бір облыс, өз өңірімізден бір-бір аудан жауапты болып бекітілді. Осындай ұтымды қимылдардың арқасында аз уақытта-ақ елдің еңсесі тіктелді. Жұдырықтай жұмылған жұрт қиналғандарға пана болды. Ақшалай, заттай көмегін ұсынған ел азаматтары арыстықтардың қайғысын әп-сәтте ұмыттырып жіберді.
Міне, арада бір жыл өтті. Қазіргі Арыстың келбетін көріп, бұл жерде осыдан бір жыл бұрын ешнәрсе де болмағандай әсерде қаласың. Еңселі ғимараттар, ақшаңқан үйлер, көрікті көшелер көз арбайды. Халықтың да көңілі көтеріңкі. Олар сол кездегі қиындықтарды еске алып, шіліңгір шілдеде қол ұшын созған ағайындарға алғысын жаудыруда. Арада өткен бір жылда қала толық қалпына келіп үлгерген. Жаңадан бой көтерген ғимараттар мен жаңартылған көшелердің сәні кіріп-ақ тұр. Халық бейбіт өмірін жалғастырып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *