БҮГІНГІ ЖАС – ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТҰТҚАСЫН ҰСТАЙТЫН АЗАМАТ

БҮГІНГІ ЖАС – ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТҰТҚАСЫН ҰСТАЙТЫН АЗАМАТ

25 просмотров

БҮГІНГІ ЖАС – ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТҰТҚАСЫН ҰСТАЙТЫН АЗАМАТ

Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашақтың  қайнар  көзі – жастарда» – деп  жастардың қашанда қоғамның қозғаушы  күші екендігін айтып, басымдық беріп келеді. Мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білімі мен біліктілігінің сапасына, ұмтылыс пен ынтасына байланысты  екендігі  анық. Білім мен ғылымның дамуы  Отанымыздың еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дәлелдеп отыр.

    Жастарды қоғамның сұранысы мен талабына сәйкес  тәрбиелеудің маңызы жайында Елбасы Н.Назарбаев «Сiздер жастарға  қалай бiлiм берсеңiздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деп, атап көрсеткен болатын. Демек, Отанымыздың болашағы – жастарымыздың еңбекқорлығына, талабы  мен  тiлегiне, арманы мен мұратына байланысты. Ата-бабаларымыздан сан ғасырлардан жалғасып, мұра  болып келе жатқан  асыл  құндылықтарымызды, тарихи  дәстүрлерiмiздi жаңғыртып әрі экономикамыз  бен  ғылымымызды  да  дамыту жолында ел үшiн еңбектенуге  мiндеттіміз.

    Жастардың тәрбиелі, салиқалы болуы ең алдымен отбасылық тәрбиеден басталады. Бүгінде өмірлік тәжірбиесі қалыптаса қоймаған және сезімге ерік беретін, көбінесе өзіне ұнаған кез келген бір идеяның соңынан еруге дайын кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының улануы ойландыратын мәселе болып отыр. Егер дінді дәстүрлі бағытта ұстанса нұр үстіне нұр болар еді. Қай дінді алып қарасақ та, құлшылықтан бұрын ең алдымен  мораль тұрады. Өкініштісі, кейбір жастарымыздың  мінез-құлқының  нашар  болып  қалыптасып  жатқандығы да жасырын емес. Бұны айтуға себеп, алдымен діни сауатын арттырмай, құлшылыққа бет-бұрып, дәстүрлі емес діни ағымдардың соңынан еріп жатқан жастарымыз.Мінез-құлық  дұрыс  болмай,  жасалған  құлшылық  толыққанды болмайды. Пайғамбарымызға (с.а.у): «Ең үлкен бақытсыздық деген не?», – деген  кезде «ол теріс мінез- құлық», – деген.

    Теріс мінез-құлықтың қалыптасуына  ұялы  телефонымыздағы  әлеуметтік  желілердің біздің өмірімізде алып жатқан орны, адастыратын ақпараттар, жастардың  діни қызығушылығын  оңтайлы пайдалану, отбасы  институты  байланысының  үзілгендігі, бала мен ата-ананың қарым-қатынасының болмауы, т.б. жағдайлардың әсері себепші. Мұнан көріп тұрғанымыздай,  жастар – қоғамның ең күшті әрі ең осал тұсы болып табылады. Көптеген қоғамға таңсық, оның  тыныштығын  бұзатын идеялар жастар арқылы  таралатыны тарихтан белгілі.

    Мемлекет жастарды теріс діни ағымдардан қорғау жолында қандай шараларды жүзеге асыруда? Енді сол мәселеге тоқталсақ, өзекті мәселелердің бірі – интернет  мәселесі. Бұл тұрғыда интернеттегі теріс діни ағым идеологияларына шектеу қою жұмыстары жалғасып келеді. Дегенмен, мемлекет интернетке мүлдем тыйым сала алмайтыны белгілі. Осыны пайдаланған теріс діни ағым менеджерлері интернеттегі жұмыстарын жалғастыратынын ескере келе жастарға интернетті талғаммен пайдалану қажеттігін ескертеміз.

    Ал, тәрбиелік мәселелерде қоғамдық салалы мекемелер арқылы жаңаша жолдарға ден қойылып, қоғамдық институттар арқылы жастарды тәрбиелеу жолдары іске асырылып келеді. Кино саласынан тарихи-рухани туындылар, театр сахнасындағы қоғамдық тәрбиеге үн қосатын көрсетілімдер, тәрбиелік мазмұндағы еңбектер мен газеттер, рухани танымдық кештер мен іргелі іс-шараларды жүзеге асыру жалғасып келеді. Дегенмен, бұл бағытта ата-аналардың тәрбие саласына аса мән беру керектігін үндейді. Неге, өйткені әр ата-ана өз балдарының тәрбиесіне аса мән беріп, отаншылдық бағытта тәрбиелесе,   ол баланың болашақта игілікті істер идеясымен өмір сүретіні белгілі.

Шығыс тәрбиесінде білімді әрі иманды ұрпақ тәбиелеу үшін «баланы аз материалдық дүниелермен қанағаттандырып, көп уақыт бөлу керектігі» туралы ұстаным бар. Тарихымыздағы еліміз үшін жанын пида еткен ата бабаларымыздың тәрбиесіне зер салсақ, арғы жағында ұлағатты ата-ананың тәрбиесін байқаймыз. Сөз соңында, Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт – дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметі бар жастарымыздың қатары көп болсын дегім келеді.

Әсел ҚАЛМАТАЕВА,

«Жастар ресурстық орталығы» КММ–нің

 Әлеуметтік сүйемелдеу секторының теологы.

Түркістан қаласы.

Сурет inform.kz сайтынан алынды.

One thought on “БҮГІНГІ ЖАС – ЕРТЕҢГІ ЕЛ ТҰТҚАСЫН ҰСТАЙТЫН АЗАМАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *