
Төрткүл дүниені көгілдір күмбезімен өзіне тартатын киелі шаһар заманауи нысандармен толығуда. Төрт қақпалы Түркістанның төрінде жаңадан «Ақжайық» музыкалық мектебі бой көтерді. Батыс өңірінің тартуын көру үшін аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы аталмыш мектепте болып, жас өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Екі қабатты әуез мектебі 550 орынға есептелген концерт залымен, сондай-ақ, конферец залы, оркестр, хор сыныбының кәбинеттерімен толықтырылған. Және жаңа музыкалық аспаптармен де жабдықталып, балалардың қолданысына толық дайын тұр.
Жаңа өнер ордасында балалар 18 түрлі өнерден дәріс ала алады. Атап айтқанда, мұнда оқушыларды домбыра, фортепиано, скрипка, баян, саксафон, қобыз, гитара, ұрмалы аспаптар, вокал, жетіген, ксилофон, литавра сияқты музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды. Қазіргі таңда, аталған сыныптарға дарынды балаларды іріктеу арқылы қабылдау жұмыстары басталған. Мектепте жас өнерпаздарға консерватория түлектері ұстаздық етеді. Яғни, кәсіби музыкалық білімі мен шеберлігі жоғары мамандар мұғалім ретінде қабылдануда. Келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрылатын болады.