БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАР ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАР ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

2 просмотров

БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАР ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақстан Республикасы Конституциясында «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін» деп жазылған.

1995 жылдың 17 наурызында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, қолданысқа енген болатын.

Еліміздегі саяси-экономикалық жағдайдың заман талабына сай өзгеруі, демократиялық принциптердің қоғамымыздың дамуына жаңа көзқарастар мен өзгерістер әкелуі жоғарыда аталған заңның ескіргендігін айқындап беруіне байланысты жаңа Заң қабылдау қажеттілігі туындады. Осы жылдың 25 мамырында ҚР Президенті Қ.Тоқаев қоғамымызда жобасы көптеген талқылаудан өткен соң, ҚР Парламентінің ұсынысымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға (бұдан былай – Заң) қол қойды. Заң 2020 жылдың 6 маусымынан бастап күшіне енді.

Осы Заңның бірнеше ерекшеліктеріне тоқтала кетейік.

Жаңа заңда бейбіт жиналысты өткізу туралы хабарлама рәсімі алғаш рет қолданылады және бейбіт жиналыс өткізуді мақұлдау процесін еркін ырықтандыруға мүмкіндік береді.

Заңда бейбіт жиналыстарды тек хабарлама тәртібімен пикеттеу, митинг, жиналыс түрінде өткізу мүмкіндігі берілген. Сонымен бірге, хабарламаны қарау мерзімі өткен соң уәкілетті органнан қандай да бір жауап болмай қалған жағдайда ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналысты өткізе алатындығы да қарастырылған.

Демонстрациялар және шеру өткізуге өткізуге уәкілетті органның рұқсат беруі, яғни келісімі қажет. Заң хабарламаларды немесе өтініштерді қараудың нақты және түсінікті ретін құруға мүмкіндік береді (бұрынғы заңда рұқсат алу өтініштерін қарау мерзімдерін ғана белгіленгенімен, өтінімді қараудың егжей-тегжейлі тәртібі реттелмеген болатын). Осыған байланысты заңда хабарландыру мен рұқсат беруді қарастырудың нақты мерзімдерін; хабарламаларға немесе мәлімдемелерге қойылатын талаптарды; шешім туралы ұйымдастырушыларға хабарлау формасын нақты белгілеу көрсетілген. Осылайша, бұл талаптар бейбіт жиналысқа қатысушы тараптар арасындағы жанжалды болдырмауға мүмкіндік береді және азаматтар мен билік арасындағы қатынасқа айқындық пен ашықтық енгізеді. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы Заңда оларды өткізу кезіндегі үгіт-насихат институты енгізілген (моральдық тұрғыда бұрынғы заңда азаматтардың үгіт-насихат жүргізудегі құқықтары реттелмеген). Бұл мақсатта хабарламаны қарау мерзімі аяқталған соң немесе бейбіт жиналыс өткізуге келісім алған соң, әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, мессенджерді пайдалануға болады (жалпы, 1995 жылғы заң жалпылама сипатта болды. Негізгі құқықтық регламент мәслихаттарға жүктелді. Бұл мемлекеттің әртүрлі аймақтарында әртүрлі құқықтық реттелуіне әкеп соқты. Заңнамадағы мұндай кемшіліктер жергілікті уәкілетті органдардың алуан түрлі талаптар белгілеуіне көмектесті. Мысалы, бір қаланың мәслихаты бейбіт жиналыстар өткізуге болатын орындарды ғана белгілеген болса, ал басқа өңірлерде митинг өткізуді қосымша реттеу үшін басқа да ережелер мен талаптар бекітілуіне жол беріліп отырды). Қазіргі қолданысқа енген Заң республиканың барлық аймақтарында бейбіт жиналыс өткізудің бірыңғай ережелерін орнатып отыр.

Қолданысқа енген заң бейбіт митинг, пикет, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және олардың арасындағы айырмашылықты анықтауға мүмкіндік береді (бұрынғы заңның кемшіліктерінің бірі – бейбіт жиын түрлерінің нақты реттелмеуі). Заң бейбіт жиналыстардың негізгі қағидаттарын енгізді. Олардың арасында, ең алдымен, зорлық-зомбылыққа, күштеуге тыйым салу, заңдылық, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, өзгелердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және ең бастысы – қатысу еркіндігін қамтамасыз ету бар. Одан бөлек, Заңда бейбіт жиналыстарда ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен журналистердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттері бекітілген (бұрынғы заң қатысушылар мен ұйымдастырушылар ұғымын ажыратпаған және журналистер қызметінің тәртібін реттемеген). Заңда ұйымдастырушылар мен қатысушылардың мәртебесіне, құқықтары мен міндеттеріне толық анықтама берілген. Айта кету керек, қауіпсіздік мақсатында бейбіт жиналысқа барған журналистер арасында арнайы форма киіп жүргендері де бар. Бұл бейбіт жиналыс қатысушылары мен ұйымдастырушылары болуы ықтимал адамдарға қойылатын талаптарды анықтауға көмектеседі. Оған қоса, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқықтары мен міндеттері де нақты айқындалуы, бейбіт жиналыс субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Бейбіт жиналыс ұйымдастыруды ыңғайлы ету үшін ұйымдастырушыларды тануға болатын белгілер болуы талап етіледі.

Заңның тағы бір ерекшелігі – бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілмейтін негіздердің нақты тізімінің жасалуы (бұрынғы заңда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеу негіздері анық жазылмаған). Бұл жағдайда заңда бейбіт жиналыстар үшін балама орын ұсыну құқығы қарастырылған. Бейбіт жиналыс өткізу орны да – заңда көрсетілген маңызды бөліктердің бірі. Осыған байланысты, заңда елді мекендердің орталық бөліктерінде бейбіт жиналыстарға арнайы орындар белгіленіп, қауіпсіздік талаптарына сай болуы қарастырылуы талап етілген. Заңның маңызды тармағының бірі – бейбіт жиналыстар мен бұқаралық іс-шаралардың басқа түрлері арасындағы айырмашылықты анықтау. Заңда бейбіт жиналыс әрекетінің жабық ғимаратта өтетін қоғамдық іс-шараларға, мәдени, бұқаралық, дене тәрбиесі-сауықтыру және спорттық шараларға, жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстарына, меншік иелерінің жиналыстарына, сондай-ақ діни жоралғылар мен рәсімдерге таралмайтыны көрсетілген. Сонымен бірге, заңға бейбіт жиналыс еркіндігін бұзатын шешімдер мен әрекеттерге шағымдануға мүмкіндік беретін бап енгізілген.

Жалпы алғанда, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң ҚР Конституциясында белгіленген ҚР азаматтарының бейбіт және қарусыз жиналып, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізу құқығын іске асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді.

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *