БЕРЕКЕ - БІРЛІК НЕГІЗІ

БЕРЕКЕ — БІРЛІК НЕГІЗІ

7 просмотров

БЕРЕКЕ - БІРЛІК НЕГІЗІ


Жергілікті «Түркістан» газетінің №26 (9522) 26 маусымдағы санында Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты жарияланды. Мұнда қазақ халқына қажетті көптеген мәселелер кеңінен қамтылған. Бүгінде күллі жаһан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт – ширек ғасыр ішінде іргесін бекітіп, өркениет көшіне ілескен еңселі елімізді де айналып өтпеді. Тосыннан келген төтенше жағдайға тосырқай қараған халқымыз, дәл қазір үрей мен үміттің бел ортасында өмір сүруде. Десе де қауіпті індет деп қорқып-үркуден халықтың хәлі түзелмейді, күдіктің бұлты сейілмейді. Осындай қысылтаяң шақта, атадан қалған асыл қасиеттерді азық етіп, сабыр мен сақтықты санамызға терең сіңірсек қана дүрбелең туғызған қауіпті дерттен арыламыз.
Мақалада ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тіреліп отырғанын атап өткен. Осы індетке қарсы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел түрде салынды. Басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталыпты. Бұл сынақта науқастарды емдеуге ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күресіп келеді. Ал, соңғы уақыттағы статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 40 мыңнан асып жығылып отыр. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау керектігін айтқан Мемлекет басшысы: «Кемедегінің жаны бір», деп ойын жеткізеді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайтынын, бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмайтынын мәлім етті. Бұл індеттен сақтану барысында өзімізді, жақындарымызды, ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырады.
Қазақ тілінің қоғамдағы мән-маңызын арттыру, оның көкжиегін кеңейту мәселесін де қадап айтты. Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін дамытуға қатысты ештеңе істелген жоқ деуге болмайды. Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтеді. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялап, сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялағанын тілге тиек етеді.
Мемлекет басшысының сұхбат барысында айтқан мына сөздері біздің қоғамда аса қажетті дүние деп білемін. «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – екенін ашып айтты.
Сондықтан барша қазақстандықтарға айтар жеке пікірім, Мемлекет басшысының көтерген өзекті мәселелерінен қорытынды шығарып, алдағы күндерге нық қадам басатын кез келді. Сабыр мен сақтық – ел азаматтарының санасында салтанат құрса ғана, бұл індетті ел болып еңсеріп, еліміздің өркендеуіне кең жол ашатын боламыз.


Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық ішкі істер органдары ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *