БІРЛІК ҚАНА ТЫҒЫРЫҚТАН АЛЫП ШЫҒАДЫ

БІРЛІК ҚАНА ТЫҒЫРЫҚТАН АЛЫП ШЫҒАДЫ

18 просмотров

БІРЛІК ҚАНА ТЫҒЫРЫҚТАН АЛЫП ШЫҒАДЫ

Жаһанды жайлаған дерт қаншама асыл адамдарды арамыздан алып кетті. Асыл адамдардың өмірден өтуі қаншалықты қиын еді. Оның ішінде жақыныңды, достарыңды, тіпті танысыңды жоғалту жүрегіңді жаралайды. Өзіңе жақын сол бір аяулы жанның енді ортамызға оралмайтыны, оның орнын ештеңемен де толтыра алмайтынымыз қандай өкінішті.

Өз мамандығы, өмірдегі алға қойған ұстанымы бойынша біздің денсаулығымызды қорғауға, қиын сәтте өмірімізге араша түсуге жаралған ақ халатты абзал жандардың да осындай қиын күндерде қауіп қақпанына түсіп қалып жатқаны жүректі қынжылтады. Бұл жағдайдың барлығы біздің көңілімізге көлеңке түсіреді, жанымызға мұң ұялатады.

Аса тәжірибелі, жоғары дәрежелі кәсіби дәрігерлер, шын мәніндегі білікті мамандар, адамгершілігі мен азаматтығы айналаға шуақ шашып жүретін еңбегімен ел құрметіне бөленген бауырларымыздың бірінен соң бірі арамыздан алыстап кете баруы бәріміз үшін де оңайға соғып жатқан жоқ. Олар ақырғы демі қалғанша өз жерлестерінің денсаулығы мен өмірі үшін күресті. Қай-қайсысын алып қарасаңыз да, түркістандықтардың отбасына қайғы бұлты үйірілмесе екен деген ниетпен тынбай қызмет етті.

Орны толмас жоғалтулардан кейін біздің елімізге мысықтабандап еніп кеткен жамандықтың жай ғана басымызға аспаннан түсе қалғандай кезекті бақытсыздық емес екендігіне тоқтам жасайсыз. Және бұл — адам өмірін жалмайтын, аяусыз дұшпан. Кезінде еліміз бен жерімізді басқыншылардың құлдыққа салғысы келгендей мұндай жауды біз жаппай бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қана жеңе аламыз.

Біздің қуатты көршіміз — Қытай елі темірдей тәртіптің арқасында мұндай қатермен қысқа мерзім ішінде қалай күресуге болатынын көрсетіп берді. Алайда біздегі бүгінгі ахуалды қарап отырып, өкінішке қарай, мүлдем басқа көрініске тап боламыз.

Мен өзім күн сайын куә болып жүрген жайлар туралы баяндағым келеді. Біздің медицина қызметкерлері бәріміздің өмірімізді қорғау жолында жанқиярлықпен күресіп жатқанда көпшілігіміз сақтықтың қарапайым шарттарын орындаудың өзіне қамсыздықпен, салғырт қараймыз. Ал коронавирус құрығы айналамызда әртүрлі сырқат атауымен адамдарды барынша қамтып қалуға тырысуда. Бүгінгі күні жақын-жуығын, жекжат-жұрағатын, таныс-білістерін жоғалтпаған отбасылар кемде-кем деуге болады.

Соған қарамастан, осы қауіп дәл өзімізді міндетті түрде айналып өтетіндей сезініп, көпшілігіміз бұрынғыша тіршілік жасауды жалғастырудамыз. Мыңдаған адамдар қауіпсіздіктің жай ғана шарттарын орындауды қажет деп таппайды, олар қолғап, бетперде кимей-ақ көшелерге қамсыз күйде шыға береді, дүкендерде, автобустарда, саябақтарда топталып жүреді.

Еліміздің жолдары бойымен тынымсыз ағылып жататын мыңдаған автокөліктердің жүргізушілері қай аймақта болса, тоқтай қалып, кездескен адамдармен емен-жарқын амандасып жатады, көптеген қазақстандық ауру жұқтыру қаупін елемей-ақ пойыздардың тығыз купелері мен плацкарттарында қоян-қолтық отырып алып, әңгіме айтады. Адамдардың айналада болып жатқан жағдайдың қауіптілігін түсінуі үшін, соның бәрі олардың санасына жетуі үшін ел халқының жартысы қырылуы керек пе сонда?! Елдің денсаулығы қашан да басты назарда. Басқа түскен қиындықты бірліктің арқасында жеңе алатынымызды ұмытпайық.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *