
Елімізде қазіргі қалыптасқан жағдайдан кейін жаңа, айқын жоспар қажеттігі белгілі болған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда елдің даму деңгейін арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартудың нақты бағыттарын айқындап берді.
– Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу, – деді Президент.
Осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың нәтижесінде миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Уақытша табыссыз қалған азаматтарымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Мемлекет басшысы мұндай жәрдемнің көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілмегенін атап өтті.
Пандемия кезінде елімізде миллиондаған тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетіліп, мемлекет тарапынан қолдау шаралары ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Жолдауда мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатындығы айтылды. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Бұл қолдау да дер уақытында қабылданған шешім деп ойлаймын.
Жолдауда барлық сала бойынша дамудың нақты жоспары көрсетілді. Ең бастысы, елімізде әрбір сала бойынша оң өзгерістер жасалмақ, ал нақты жоспар, болашаққа басқаша бетбұрыс жаңа жетістіктерге жетелейді.
Орынбек Қасымбеков,
«Аймақ»