ЕСІМ ХАНҒА ТІРІСІНДЕ АСТАНА, БАҚИЛЫҚТА МӘҢГІЛІК БАСПАНА БОЛҒАН ЖЕР, ОЛ-ТҮРКІСТАН.

ЕСІМ ХАНҒА ТІРІСІНДЕ АСТАНА, БАҚИЛЫҚТА МӘҢГІЛІК БАСПАНА БОЛҒАН ЖЕР, ОЛ-ТҮРКІСТАН.

1 416 просмотров

ЕСІМ ХАНҒА ТІРІСІНДЕ АСТАНА, БАҚИЛЫҚТА МӘҢГІЛІК БАСПАНА БОЛҒАН ЖЕР, ОЛ-ТҮРКІСТАН.

Есім хан – 1598-1628 жылдары Қазақ хандығында билікте болған шыңғыс әулетінің өкілі. Шығай ханның баласы. Туған ағасы Тәуекел ханнан кейін ел билігін қолға алған Есім хан Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді. Сұлтан кезінде-ақ ағасы Тәуекел ханмен Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосты. Түркістанды қазақ хандығының астанасы ету түбегейлі Еңсегей бойлы Ер Есім тұсында жүзеге асқанын Түркістанның қазақ хандарының ордасына айналғандығын Ы.Шөреков «Исатай- Маханбет» дастанында былай жырлайды: Шыңғыстың тағы құрылған Түркістанда ту тігіп Атаң бір қазақ мекендеп Хандары сонда тұрылған (Ы.Шөреков «Исатай- Маханбет» дастаны, А., 1972 ж., 66 б.) Жазба деректерде сүйенсек, тарихшы Әбілғазы ханның айтуынша – «Есім ханнан бастап Қазақ елінің астанасы нақтыланып, бұрынғы Ясы қаласы Түркістан деген атауға ие болады. Есім хан салған осы жол бойынша Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы міндетін бірнеше ғасыр бойы атқарады» (Б.Кәрібаев «Есім хан», Алматы, 2011 ж. 18 б.). «….. Мен қазақ ішіне кеттім, Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді»-дейді Әбілғазы Баһадүр. (Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресі», А., 1992 ж., 189 бет). Осыдан бастап Түркістан қазақтың жиырма бір ханына астана ретінде қызмет атқарды» десе, орыс ғалымы М.П.Вяткин осы ойды одан әрі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесінде мемлекеттік іс жүргізіп, елшілер қабылдап, бұйрықтарға қол қойғандығын жазды. Тарихшы Т.И.Сұлтанов Есім ханды 1598 жылдың күзінде хан тағына отырды дей келе, Тәуекел ханнан кейінгі қазақ сұлтандары ішінде ең беделдісі Есім сұлтан болатын деген пікір айтады. (Султанов Т.И. «Поднятые не белой кошме. Потомки Чингиз- хана», Алматы, Дайк-Пресс. 2001г., 2012 стр.) Есім хан билігі тұсында Ясы қаласы – Түркістан атауына ие болды. Есім ханнан бастап Түркістан қаласының киелік маңызымен қатар, саяси-әкімшілік және рухани орталық ретінде маңызы артады да, бернеше ғасыр бойы қазақ еліне қызмет етеді»-делінген. (Б.Кәрібаев «Есім хан», Алматы, 2011 ж. 2 б.). Есім хан мен Тұрсын хан арасында уағдаластың соңы шиеленіске түскендігі жөнінде М.Тынышпаев өзінің «История казахского народа» еңбегінде былай жазады: «Ержүрек Есім хан шығыстағы қалмақтарға аттанып бара жатып, Түркістанға Тұрсын ханды шақыртыпты.Ташкентті билеп отырған Тұрсын ханға қатаған мен қаңлы рулары бағынышты екен. Есім оған бүкіл халықты басқаруға береді және өз отбасына ерекше қарауды тапсырады. Тұрсын хан Есім ханның барлық тапсырмасын бұлжытпай орындауға ант береді. Сөйтіп Есім хан соғысқа аттанып кетеді, ал Тұрсын хан Ташкентке оралады. Есім хан жорықта екі жыл болып, қалмақтарды талқандайды да, әскерін ауылдарына таратып, кейін қайтады. Жолда Күйік тауының маңында Тұрсын ханның бұзауларын бағып жүрген бір кемпірді көреді. Кемпір жылап тұрып «өзінің батыр ұлы Есімнің жорықтан қайтып оралған соң ханшаға мал бақтырып қойған сұмпайы Тұрсыннан кек алатынын» жеткізеді. Есім хан сол арада өз анасын таниды да, кеудесін қатты ыза мен күйік кернейді. Осыған байланысты аталмыш жер «Күйік» деп аталып кетіпті. Арыс өзені бойымен келе жатып қазіргі кезде «Құтырған» деп аталатын жерде Тұрсын тонауға ұшыратқан өз ауылының жұртына кезігеді. Ол жерде Есімнің бала-шағасы Тұрсынның малын бағып жүр екен. Ашуға булыққан Есім хан жаңа әскер жиып, Тұрсын ханға атанады, ал жер атауы сол себепті де «Құтырған» деп аталып кетеді. Есім хан Тұрсынға тез жетіп, оның қарамағындағы қатағандарды қырып салады, Тұрсынның өзін шауып, «Хан Тұрсынды ант ұрсын» деп өз қолымен оны өлтіреді.» (М.Тынышбаев «История казахского народа», А., 157-158 стр). Ал осы ойды ХVІІІ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің өкілдерінің бірі – Марғасқа жырау былай суреттейді: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісің, жатырсың, Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» — деп жазды. («Ай заман-ай, заман ай», А.,1991 ж.,52 б.). Жоғары айтып өткеніміздей тарихи деректерде Еңсегей бойлы Есім ханның тұсында қазақ хандығының ресми астанасы Түркістан болып, үш ғасырдан астам қазақ жүздерінің басын қосатын, ел тағдырымен жер тағдыры шешілетін маңызды мәселелер қозғалатын орталыққа айналды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Түркістанның 1500 жылдығына арналған ғылыми – практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде: «…Түркістанда қазақ хандары таққа отырғызылды. Көршілес мемлекеттердің елшілері қабылданды. Аса маңызды мемлекеттік мәселелер талқыланған аса жоғары мәртебелі жиындар өткізілді»- деуі Түркістанның қазақ тарихында алар орнын айшықтап берді. («Түркістан 1500 жыл», Алматы, 2000 ж., 3-4 б.) «Егемен Қазақстан» газетінің 3 мамыр 2018 жылғы санында Есім хан Түркістанда емес Ташкенттің маңындағы Шайхантауырда жерленген деген пікір білдірген. Ал қорық-музей мамандары ғылыми сараптама жүргізе отырып, бұл кереғар пікірмен мүлдем келіспейді. Мақала авторлары Есім хан Шайхантауырда жерленді дей келе, мынадай аңыз өрбітеді. «Есім хан өлерінің алдында бал аштырған екен, сонда оған сен өлген соң басыңды өр¬теп, аттың жауырына күлін себеді, со¬дан сенің мына өтпелі дүниедегі іс¬теген күнәң жуылады деген». Сіз се¬нерсіз, сенбессіз, балгердің айтқаны ай¬дай келіп, жаныс руының Қуандық ата¬сының Байжігіт баласы Ерсары үш ғасыр өткенде (1960 жылдары) көріп¬келдің айтуымен сол қорымнан басты қазып алып, оны өртеп жауыр болған атына күлін себеді. Содан тұлпары құ¬лан-таза айығады»-деп жазады. Бұл әңгіменің қисынға келмейтіндігіне көз жеткізуге болады. Бұл біріншіден аңыз, тарихи еңбектерде ғылыми дәлелденбеген. Екіншіден ел заңдылығына да шариғат талаптарына да еш сәйкес келмейтіні көзге ұрып тұрған жоқ па. Қазақта «ханның басын хан алар, қардың басын қар алар»-дейтін ұлағатты сөз бар. Бұл тарихи шындық. Мұсылманшылықта хан емес жай қарапайым пендені қорлауға бермейді адамның қабірін қазып алып, оның сүйегін өртеу қисынға келмейтін жайт. Сондықтан бұл пікірдің ойдан құрастырылғандығыны айдан анық. Әрбірімізді ойландыратын жайт неге асылдарымызды жат жерде жерледі деуге жанымыз құмар? Біз бұдан не ұтамыз? Негізсіз ойлар біздің елдігімізге сын емес пе? Үшіншіден — Есім ханның Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленгендігі туралы Қадырғали Жалайыр дерегіндегі назар аударатын ерекше жайт — Жәдік ханның Үргеніштегі Бақырған ата жанында жерленгендігі туралы мәліметті жатқызуға болады. Бізге белгілі ортағасырлық дереккөздерде кейбір Ақ Орда хандары мен алғашқы қазақ хандарының Қазақстан мен Орта Азияның әртүрлі қалаларында немесе өздерінің билік құрған жылдарындағы саяси-әкімшілік орталықтарда жерленгендігін айтады. Мәселен, Сасыбұқа хан (1320/1321 жылы қайтыс болған) — Сауран қаласында, Ерзен хан (1344/1345 жылы қайтыс болған) — Сығанақ қаласында, ал Қасым хан (1521 жылы қайтыс болған) — Сарайшықта жерленген (Қадырғали Жалайыр «Шежірелер жинағы». А., 1997. 122 б.). Қарап тұрсаң әр хан өзі билік құрған астанасында жерлеген. Төртіншіден — Жәдіктің жерленген жері Үргеніштегі Бақырған атаның жаны екендігіне қарап, оның себебін Есім хан атасының мұсылманшылдығы мен діни ұстанымымен түсіндіруге болады. Кейіннен бұл жолды Есім ханның әкесі Шығай хан да жалғастырып, қайтыс болғаннан кейін Бұхара түбіндегі Күміскент қалашығындағы Әли-ата жанына жерленеді (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. А., 1997. 122 б.). Атасы мен әкесінен қалған дәстүрін ауытқымай Есім хан да, о дүниелік болғаннан кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына жерленеді және қабірінің басына кішігірім кесене тұрғызылады. Тарихта билік құрған қай ханды алып қарасақ та өзі астана еткен ордаға жерлеуді дәстүрге айналдырған. Ондай мысалдар қазақ хандарының тарихында жетерлік. Қасым хан билік құрған ордасы Сарайшықта, Бөкей хан өз ордасына жерленді. Бесіншіден — Түркістанды астана еткен хандардың ең алғашқысы – Есім ханның жеке кесенесі болғандығы туралы деректер Ш.Уәлихановтың досы Г.Н.Потаниннің әкесі Н.И.Потаниннің 1829-1830 жылғы Омбыдан Қоқан хандығына барар сапарында Түркістанға соққаны және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдыңғы бетінде ескірген кесенелерді көргені, оларды шырақшылардың «Есім, Жәңгір, Тәуке хан мазарлары» деп түсіндіргені жайлы жазба деректер хабарлайды. (Записки о Кохандском ханстве хорунжего Н.И.Потанина. // Военный журнал, СПб., 1831, №4, с.102-139.). Сонда ауызша шежірені жіліктен талдайтын көнекөз құймақұлақ ақсақалдар айналасы 200 жылдық шамасында жадынан жаңылып, Есім хан бейітін таппай қалуы мүмкін бе? Біреудің айтқанына иланып басын кесіп-ап өртеп күлін аттың жауырына септіріп отыратын оның хан ұлдары, ағайын-туысы ай қарап отыр ма? 1957 жылғы түсірілген кесене айналасының жер бедерінің көрінісінде (топосьемка) жеті құрылыстың ізі биік топырақ үйіндісі түрінде көрсетілген. Алтыншыдан — археолог Н.Б.Немцова 1958 жылы бұл төбешіктердің үшеуін зерттеп – олардың біріншісі – Шілдехана, екіншісі мен үшіншілері көне кесенелер қалдығы екенін анықтаған. Тағы бір қазба орнын кесененің батыс мұнарасынан оңтүстік-шығысқа қарай 24 метр жерден белгілеген. Оның көлемі 15х12 м. етіп қоршап, ортасына «Мавзолей Есим хана» деп жазған. (Архив НИПИ ПМК и Архив музея-заповедника «Азрет Султан» инв. №100. Топо-план и план благоустройства охранной зоны.). Есім хан 1628 жылы қыркүйек-қазан айларында қайтыс болып, қабірінің үстіне «ерекше, кішкене, қазіргі кезде мүлде қирап қалған кесене тұрғызылған» деген деректі М.Е.Массонның жазбаларынан да оқуға болады. Жетіншіден — 1974 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айналдыра (тереңдігі 6 метрден 9 метрге дейін ауытқитын) жер асты суларын бір жерге жиятын дренаж жүйесін қазып жатқан кезде тап сол «Есім хан кесенесі» мүрдеханасы шығады. Бірақ құрылысшылардың жауапсыздығы себепті құрылыс экскаваторымен қиратылып, ішіндегі жерленген сүйегімен қоса жүк машинасына арттырылып, құрылыс қоқысын төгіп жатқан жерге шығарылып тасталады. Экскаватор жүргізушісі С.Манасуевтің өз қолымен жазып, сызып берілген тілхаты бойынша құрылыстың ені – 4, ұзындығы – 6, биіктігі – 3 метр болған. Ішінен сүйегі ірі, бойы биік – 2 метрдей мүрде шыққандығын жазады. Ел аузында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен жақсы белгілі, яғни, ол аса ірі денелі адам болған. Бұл дерек аталған сүйек ұзын бойлы Есім хандыкі болғандығы туралы неге болжам жасамасқа. (М.Тұяқбаев «Түркістан жерленген тұлғалар», Алматы, 2000 ж.) Сегізіншіден — Н.И.Потаниннің және басқа да тарихи деректерді негізге алып, аталған үш хан да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртына жерленіп, бастарына күмбезді кесене тұрғызылған деп тұжырым жасауымызға болады. Тоғызыншыдан — қазақ хандарының тарихын зерттеуші Б.Кәрібаев өзінің «Есім хан» атты кітабында былай жазады: «…Есім хан Тұрсын хан мәселесін шешкеннен кейін өзінің ордасы орналасқан Түркістанға қайта оралады. Онда ол 1628 жылы шамамен 70 жасқа қараған шағында өз ажалынан қайтыс болады. Оның денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына қойылып, қабіріне басына кішігірім мавзолей салынады. (Б.Кәрібаев «Есім хан», Алматы, 2011 ж. 18 б.). Әрине өзі іргесін қалаған астанасы тұрғанда ертең дұшпандарым сүйегімді қазып алып қорласын деп жанын жаһаннамға өзі жіберген Тұрсынханның жанына жата ма? Бұл да бір логикалық сұрақ. Қорыта айтқанда Есім ханнан бастап қазақтың барлық ресми хандары да заманында саяси қайраткер, қолбасшы, рухани көсем дәрежесіне дейін жеткен тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанына жерлеуді ұрпақтарына аманаттады. Бұл тарихи шаһар Түркістанның ролі мен маңызын, қасиеті мен құдіретін шын сезінгендіктен болар. Б.Байболов Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі М.Исаев PhD докторы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *