«ФУТБОЛ – МЕНІҢ ӨМІРІМ»

«ФУТБОЛ – МЕНІҢ ӨМІРІМ»

33 просмотров

«ФУТБОЛ – МЕНІҢ ӨМІРІМ»

Қызылорда қаласындағы зиялы отбасында Қалапберген әке мен Раиса анамыздың шаңырағында 1957 жылы дүниеге келген Серік тұңғыш перзенттері. Әкесі Қалапберген Адылұлы спортшы болған. Еркін күрестен бірнеше мәрте КСРО және Қазақстан чемпионы атанған. Бүгінде Құдай бұйыртса 90 жаста екен. Қызылорда қаласындағы №198 орта мектепті 1973 жылы ойдағыдай бітірген Серік Пірімжанов 1974 жылы әскер қатарына шақырылады.

«ФУТБОЛ – МЕНІҢ ӨМІРІМ»

Жастайынан футболға ден қойып өскен бозбала мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ түрлі жарыстарға қатысып жеңімпаз атанады. Әскерде де қатарластарынан оқ бойы озып жүрді. Туған ауылға оралған ол футбол мамандарының көзіне ілікті. Біреулер үшін Еуропа алаңдарында доп тебу арман болса, ал бірі ел чемпионатында бағын сынап көруді көздейді. Жас футболшының арманы – Қазақстан чемпионатында өнер көрсету еді. Кішкентайынан сиқырлы футбол ойынына қатты қызығып, өмірінің бір бөлігін осынау ғажайып спорт түріне арнаған оған 1979 жылы Сыр елінің «Мелиоратор» командасынан шақырту түседі. Ол кезде бұл команда КСРО чемпионатының 2 лигасы 8 аймағында өнер көрсететін еді. Жасыл алаңда жасындай жарқылдаған жартылай қорғаушы 10 жыл бойы сол команданың намысын қорғады, командаластарымен бірқатар жетістіктерге жетті.

1989 жылы қаламыздағы тәжірибелі құрылысшы, СМП-194 мекемесінің басшысы, марқұм Эйлер Сулейменовтің шақыртуымен отбасымен бірге көшіп келген ол «Монтажник» командасында өнер көрсетті. 1991 жылы әрі бапкер, әрі ойыншы ретінде «Монтажник» командасы Қазақстан кубогын жеңіп алғаны ұмытылмас тарих болып қалатыны анық. Оның жасыл алаңда диспетчер қызметі мен барлық айып доптарын соғуы түркістандық жанкүйерлердің есінде. Түркістанда өткен ақтық ойында Көкшетау командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша жоғары нәтижелерге қол жеткізген команданың тізгінін ұстаған Серік Пірімжанов түркістандық футбол мамандары мен жанкүйерлерінің сенімін ақтады. 1992-1995 жылдары «Яссы-Түркістан» командасының бапкері, 1996-1997 жылдары Шымкент қаласындағы ОРДБЖСМ жаттықтырушысы, 1998 жылы Қызылорданың «Қайсар» командасының бас бапкері болып тағайындалып, жемісті еңбек етті.

– Түркістанға келіп, жергілікті жастарды футболға қызықтырып, теңбіл доптың қыр-сырын үйретуге аз да болса үлес қосқаным үшін қуанышым шексіз. 2001 жылы Италияның Кортона қаласында 12 елдің командалары арасында өткен Халықаралық турнирде 3-ші орынға ие болғанымыз әлі есімде. 3-ші орын үшін таласта португалиялық өрендерді 5:3 есебімен тізе бүктірдік. Бұл сапарымыз еліміздің тарихындағы жасөспірімдеріміздің алғашқы сапары болды,-дейді бізбен сұхбатта Серік Пірімжанов.

2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында қала әкімі Өмірзақ Әметұлы тағайындалып, 2003 жылы қала басшысының тікелей бастамасымен «Яссы-Рахат» командасы құрылды. Команда тізгіні тағы да тәжірибелі бапкер Серік Қалапбергенұлына сеніп тапсырылды. Қазақстан чемпионатының 1-ші лигасында ұпай жоғалтпаған командамыз 2004 жылы Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алғаны бөлек әңгіме, бөлек тақырып. Команда құрамында түркістандық жастардың жасындай жарқырағаны жанкүйерлердің әлі есінде. 2004 жылы «Яссы-Сайрам», 2005 жылы «Атырау», 2006-2007 жылдары Шымкенттің «Айжарық» командаларының бапкері болып қызмет атқарған ол 2011 жылдан бастап қалалық спортты дамыту бөлімінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып жас теңбіл доп шеберлеріне ала доптың қыр-сырын үйретіп келеді. Бүгінде Бекзат Бейсенов, Дінмұхамед Омаров, Сейілхан Ұласбек, Абдолғафур Арон, Роллан Дайрабайұлы, Сұлтанбейбарыс Абдуғаффаров, Серікбай Ардақ, Айбек Бейғарысұлы сынды шәкірттерімен мақтанады.

Спорт күні қарсаңында зейнет жасына қадам басқалы отырған Серік ағамыз Тамара Мамашқызымен 1 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, 5 немере сүйіп отырған бақытты шаңырақ иесі. Сонау мерейлі күнде Сізге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеп, жас өрендердің қанатын қатайтып арамызда жүре беріңіз демекпіз.

Райымжан АРТЫҚБАЙҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *