ХАЛЫҚ ӨЛШЕМІ АНЫҚ ӨЛШЕМ

ХАЛЫҚ ӨЛШЕМІ АНЫҚ ӨЛШЕМ

63 просмотров

ХАЛЫҚ  ӨЛШЕМІ  АНЫҚ  ӨЛШЕМ

Қазақ   халқының  бірнеше   ғасырлық  өмір  тәжірибесінде  әр істің,  салт-сананың  реті  мен  жөн-жобасы  болған  және  барлық  іс-әрекет  соған  сәйкес  атқарылады. Ол  қалыптасқан ұлттық  салт-дәстүрлер  негізінде  жасалған. Осы тұста  халық өлшемдерінің  орны  ерекше. Халық  өлшемдері – ұлт  мәдениеті мен этнографиясының  қызықты  салаларының  бірі  болып  саналады. «Халық  айтса  қалып  айытпайды»  дегендей  халық  өлшемі  анық  өлшем  десек  қателеспейміз. Өйткені  оны  ата-бабаларымыз бірнеше  ғасырлар  бойы  қолданып  және  сол  арқылы  өлшем  негіздерін  жасаған. Қазақтың  байырғы  өлшем  сөздерінің  өзін  нақтылы, жобалы  өлшемдер, жер арақашықтығын  білдіретін, салмақты, ұзындықты, көлемді, уақытты, жас  мөлшерін  білдіретін,  қатты  және  сұйық заттардың  өлшем  бірліктері бола  алатын  түрлерге  іріктеуге,  саралауға  әбден  болады. Байырғы қазақ өлшемдері-қазақ  халқының  тұрмыс-салт ерекшелігіне, кәсіптік қажеттілігіне  байланысты  қалыптасқан  өлшем бірлігі. Жалпы  қазақ  тілінің сөздігіне «өлшем» — бір нәрсенің көлемін, салмағын, анықтайтын өлшеу бірлігі деп көрсетілген. Ертедегі ата-бабамыз  уақыт өлшеміне  келгенде  бай тәжірибе жинақтаған. Мысалы: қонаққа келе жатса «Мен ет пісірім уақытта келемін» дейді. Бұл үлкен жауапкершілікті білдіріп тұр. Бұл жерде  ет  пісірім  2-3 сағатты  қамтитынын  білдіртіп  тұр. Қазақ халқының байырғы өлшемдері  халқымыздың тұрмыс-салт ерекшелігіне және ата-бабаларымыздың  кәсіптік  қажеттілігіне байланысты қалыптасқан өлшем бірліктері. Өз  уақытының  өлшемін  меңгере  білген  қазақ  халқы, өз ұрпағын  табиғат  құбылыстарын  біліп  отыруға, пайда-зиянын мөлшерлеп болжап отыруға тәрбиелеген. Заманында ата-бабаларымыздың кеңінен қолданған «қолдың қары» өлшемі ағылшын «ярдымен» шамалас. Ал, Ресейде 17-20 ғасырларда қолданылып келген ағылшын футы (foot – табан) байырғы қазақ өлшемі «табанға» жуықтау келеді: «табан» өлшеміне қазақ табанның енін алса, ағылшын футы – табан тұрқына тең. Сондай-ақ ағылшынның дюйм (голландша – үлкен саусақ) өлшемі қазақ халқының байырғы «бармақ» өлшеміне («Бармақ елі қазы») сәйкес келеді. Орыстың «верстасы» мен қазақтың «шақырымы», орыстың «долясы» мен қазақтың «мысқалы», сондай-ақ ағылшынның «фунты» мен қазақтың «қадағы» шығу төркіні, атқаратын  қызметі жағынан төркіндес, тектес деуге әбден болады.Енді  халық   өлшемдерінің   негізгі  түрлеріне   жеке –жеке  тоқталайық. Мұны  халықтың  өзі  белгілегендей  салмақ  өлшемі, көлемі  мен мөлшері, ұзындық өлшемдері,қашықтық өлшемі,уақыт  және  мезгіл  өлшемдері деп бөлуге  болады.                                                                                                                                  Салмақ өлшемдерін  халық былайша  жеткізген: мысқал -1гр, қадақ-750гр, келі — 1кг, пұт — 16кг, батпан — 100кг. Бұл  өлшемдер  мен  бірге  халық  салмағынан  жер  ойлағандай, түйеге  жүк  болғандай  деген  сияқты  бейнелеу,  теңеу  сияқты  айшықты  сөз  өрнектерін қолданып  ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады. Көлем өлшемдері бір заттың немесе  малдың  саны, көлемі мен мөлшерін, аумағын  шамамаен  белгілейді. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім, бір түйір, бір қолтық, бір шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ ( тал,үкі), бір топ, бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен  ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, оншақты, жиырма шақты…. Заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шынашақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді. Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданып, оны мөлшерлеп есептейді. Халық қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны көбіне жылқы қазысының жұқа, қалыңына қарай айтқан.Айталық бұлт, пышақ сырты,қылыш сырты бұлар 3 -5 мм шамасы, шынашақ елі, бармақ елі бұлар 1-2,2см ,екі елі….сере,табан 7-10см.Басқа  заттардың  қалыңдығы да көбінесе елімен яғни саусақ қырымен өлшенеді.Оны елі деп атайды. Ұзындық және қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Ұзындық өлшемдері бір затты таяқтың, арқанның ұзындықтарын анықтаайды және ол 1,5 см,тұтам, сынық сүйем 14-15см сүйем 17-18см, қарыс, кере қарыс 20-22см, кез 50см,аршын 75см,құлаш 1,80-2м,балтасап,кебіс басындай деген балық өлшемдері де бар.сол сияқты  ұзын, қысқа деп те шамалап есептей берген. Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын ауылдың ара қашықтығына қолданылатын өлшем. Бұл өлшем түрлерінің аталуы: адым-қадам 1м, таяқ тастам 10-15м, әй дейтін жер 100м, дауыс жететін жер 250-300м,шақырым 1км, иек астында, бір төбе астында 4-5 км, қозы  көш жер 5-6км, көз ұшында 6-7км, тай шаптырым 4-5км, құнан шаптырым 8-10км, ат шаптырым 25-30км,бір күндік жер,айшылық жол және сол сияқтылар.Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдері де бар. Бұған терең,тайыз, биік аласа деген сөздер қолданылады.Бір айта кетерлік жай жоғарыда аталған өлшемдер бірі-бірінің орнына қолданылмайды. Ауа райын бақылау да ыстық,  суық және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтың өзіндік тәжірибелері ме қағидалары аз емес. Қанжылым, жылы, ыстық, суық салқын, мұздай тағы  да осылайша анықтап бір заттың,судың астың немесе ауа райын белгілейді. Ауа райын жылы, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей,ми қайнатар ыстық деп жаз айынының күн райын айытса,қыста:шуақ,май тоңғысыз,шыбынсыз жаз,суық, салқын, аяз, үскірік, бет  қаратпас аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкес йрекет ете бастайды. Сауда  әр заттың, малдың құнын белгілеуде де орайлы әдістермен жолдар таба білген.Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын,күміс жамбы (қойтұяқ,тайтұяқ) сияқты құнды металдарды қолданған.Ал айырбас саудада әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені – құлынды биеге,биені – бұзаулы  сиырға, сиырды – тай,құнанға,тайды — 3-4 қойға айырбастаған. Сөйтіп мал, бұйым саудасында да әр затқа лайық кесімді өлшемдері болған.

ХХ ғасырдың басына дейін ел ішінде ХVІІІ ғасырдағы Әз – Тәуке хан басшылығымен жасалған әйгілі «Жеті жарғы»заң негізі құқықтық негізде шағын  және  кұн  мөлшерін де белгілейді.Дау –жанжал немесе  ұрыс  кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті.Мысалы ер адам құны 100 жылқы,біреудің белін сындырса толық  адам  құны төленген,бір көзін шығарса адамның жарты құнын төлейді.Ұрыс – төбелесте бас  бармақ сынса 20 қой төленген.Дене зақымынан бала өлі туса 5айлық бала үшін 5 ат,5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе құн төленген.Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген.Бұл мөлшерлердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды.                                                                                                                      Қазақтың байырғы өлшем бірліктерін бүгінгі күнге жеткізіп берген халқымыздың дәстүрлі танымы мен білімі, сенімі мен көзқарасы, өлшемі мен түсінігі қазіргі өмірде жаңа ұғыммен жалғасын тауып, күнделікті өмірде қолданып келе жатыр. Қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің мағынасын, мөлшерін білу, тілімізді тереңдетіп, ерекше мән беріліп отырған қазіргі күнде ұлттық сана-сезімі, тілі буылдыр тартып, көмескілене бастаған жастарымызды тәрбиелеуде орыны ерекше екенін айтқым келеді. Байтақ далада сан ғасыр көші — қонды күндер кешкен қазақ халқы жан сезімін өлең – жырымен ағытқан, ақыл мен ойдың кені даналық сөз өнерінде деп қадірлеген, қылпылдап тұрған қылышқа қыңбаса да, жүйелі сөзге жүгінген. Сөз асылы жыраудан – жыршыға, атадан – балаға ұласып, тот баспай, ғасырлар аттап, біздің дәуірімізге жеткен.

Дилорам Тауасарова,

  Түркістан облысы, Түркістан қаласы

Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *