ІНДЕТПЕН КҮРЕС БӘРІМІЗГЕ МІНДЕТ

ІНДЕТПЕН КҮРЕС БӘРІМІЗГЕ МІНДЕТ

22 просмотров

ІНДЕТПЕН КҮРЕС БӘРІМІЗГЕ МІНДЕТ

«Бірінші байлық  — денсаулық» деген сөз бекер айтылмаған ғой. Ата-бабамыздың айқындап, нықтап айтып кеткен даналық сөздері әлі күнге де өзектілігін жоғалтпады. Қазіргі күні біздің көпшілігіміз денсаулық мәселесіне жүрдім-бардым қарайтын болып алғандаймыз. Енді тосыннан келген мына індет тұсында соның зардабын шекпеудің амалын барынша ойлауымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Үндеуінде: «Әр азаматтың амандығы үшін күресейік» — деп, қазір ең алдымен амандықтың қымбат екенін тағы бір атап өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның қашан аяқталатынын болжау мүмкін еместігін жария етті. Яғни бұл індеттің қашан жеңілетіні әзірге мүлде беймәлім. Сондықтан одан сақтану жолдарын баршамыз күнделікті өмір салтына айналдыруымыз керек. Індетпен күрестің нәтижелі болуы барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екені сөзсіз.

Бұл күресте билік пен ақ халатты дәрігерлер қауымы халықтың басты тірегіне айналуы тиіс. Билік дәрі-дәрмектің жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, ауырып қалған жандарға дер уақытында көмек көрсетілуін ұйымдастыруы керек. Президент дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қиын жағдайды өз қалтасын қампайтуға пайдаланғысы келген алыпсатарларды жауапқа тартуға тапсырма берді. Бұл тапсырма орындалып, оның нәтижесін тезірек көрсек дейміз.

Батпандап кіріп, мысқылдап шығатын дертке қарсы күресте әр адамды ажалдан арашалап қалу жолында тер төгіп жүрген ақ халатты абзал жандарға сәттілік тілейміз. Ендігі жерде дерттің жеңіл түрімен үйде емделіп жатқан жандарға ақыл-кеңес беру ісі жүйелі түрде жолға қойылуын күтеміз. Әйтпесе бірінің ұсынған емін екіншісі жоққа шығарып жатқан «ақыл-кеңестерден» халық не істерін білмей, дал болуда.

Бүгінде карантин шектеулері жеңілдетіліп, бірнеше нысандар ашылды. Алайда ол нысандарда санитариялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бүгінде осы талаптарды сақтамаған бірнеше кәсіпкерлік нысандары анықталды. Тиісінше оларға айыппұл салынып, басқа да жазалар тағайындалды. Демек арамызда тәртіпке бағынғысы келмейтін азаматтар баршылық. Олар үшін халықтың денсаулығы емес, өзінің бизнесі маңызды болып тұр. Ондай пиғылды азаматтардың өз жасасын алуы әділетті шешім деп ойлаймыз. Қаулы-ереже балығына ортақ. Ол ережелер де жайдан-жай жасалынып отырған жоқ. Елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін жасалынып отыр. Осыны әрбір кәсіпкер жете түсінсе деген тілек бар. Ел алдындағы жауапкершілікті сезіне білуі керек.

Бұл мәселелерге тек кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым халық та үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Себебі қоғамның денінің саулығы оның ортақ мүддесі болуы керек. Әрнәрсенің парқына бару қазіргі негізгі міндетіміз саналады. Біз үшін жанын салып жүрген медицина саласы мамандарының қадірлей білуіміз керек. Себебі олар осындай қиын қыстау заманда басын қатерге тігіп, өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүріп, өз қызметтерін атқарды. Мінсіз адам болмайды әрине. Бес саусақ бірдей емес қой. Олардың еңбегін жоғары бағалауға әбден болады.

Қорыта айтқанда қазіргі қиын-қыстау кезеңнен аман есен шығу үшін бірлігіміз бен сабырымызды көрсете білуіміз қажет. Ел болып жұмылсақ қана індетті толық жеңіп шығамыз.

Нұрлыбек Сабиров,

Түркістан қаласының тұрғыны.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *