КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

8 просмотров

КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН ТҰРҒЫНДАР ДӘН РИЗА

Түркістан қаласы аумағында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету қарқынды жүргізіліп жатқанын жазып, мониторинг жүргізіп тұрғындарды құлақтандырып келе жатқанымызды оқырмандарымыз жақсы біледі. Газетіміздің өткен санында (№28) газ құбыры үйінің іргесіне келіп тұрған тұрғындарға құжат дайындау барысын түсіндіріп, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның www.kaztransgas.kz арнайы сайтына жол да сілтеп жіберген болатынбыз.

Қала халқы көмір мен отын жағудан шаршаған уақытта газбен қамтылатынын естіп баладай қуанған еді бір уақытта. Алайда, құрылыс жұмыстары мен үйдің ішін көгілдір отынмен жылытуды сарыла күткен халықтың уақыт өте шыдамдары таусылып шағымдары көбейгендей еді. Шаһар басшысы Рашид Аюповтың өзі бұл мақсаттағы жұмыстарды ширатуды жүктеп, тиісті сала өкілдеріне қатаң тапсырма берген және бұл жұмыстың нәтижесі әкімдіктің де халықтың да қырағы назарына іліккен еді.

Қазіргі уақытта қарқын жаман емес. Қала төңірегінің кейбір аудандарында газ кіргізу жұмыстары жауапкершілікпен жүріп жатса, кейбір аудандардың тұрғындарының қуанышына орай көгілдір отын үй ішіне кіргізіліп те қойды. Сөзімізге дәлел ретінде 1 мөлтек ауданы бола алады. Қазіргі уақытта бұл аумақтағы көп тұрғындардың табалдырығына көгілдір отын қондырғысы орнатылды. Қуанышы қойнына сыймай жүрген тұрғындардың бірімен әңгімелескен болатынбыз.

Гүлжазира Барбанова 1 мөлтек ауданы 7 үйдің тұрғыны.

– Мен бұл күнді ұзақ күттім. Нақтырақ айтсам 3 жыл. Бүгіннен бастап үйімізге табиғи газ отыны кіргізілді. Әрине қуаныштымын. Бұл қыстың күні отын жағудан шаршаған халық үшін үлкен көмек екенін түсінемін. Жергілікті халықты газ жүргізіп жатқан мамандардың тірлігіне түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытуға шақырамын. Мен білетін кейбір тұрғындар ақша мәселесіне байланысты газ кіргізе алмай отыр. Бұны қазіргі жағдайдың қиындығынан шығар деп түсінемін. Бәріне уақыт керек. Сәл күндерден кейін бүкіл Түркістан табиғи газбен қамтылады деп сенемін,- дейді қала тұрғыны.

Иә, алдағы уақытта халық үшін отын тасудан шаршайтын күннің алыс болуына біз де сенейік. Бастысы тұрғындардың ақпаратты дұрыс қабылдап, түсіністік пен шыдамдылық танытуында.

Айта кетейік, биыл тұрғын үйлерді көгілдір отын түріне өткізу бойынша 30 мыңнан астам абоненттің қосылуы жоспарланған болса, қазірде жартысынан кемінде ғана газ құбырлары жүргізілген. Жалпы, құрылыс жұмыстары аяқталған аумақтарды қамтыған абонент саны – 22 002 болса, осы жылы пайдалануға берілетін аумақтағы абонент санын – 8 033. Бүгінде Түркістанның газбен қамтылу көрсеткіші 65 пайызды құрайды.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *