«КӨШЕТТІҢ КӨКТЕЙТІНІНЕ КҮМӘН БАР»

«КӨШЕТТІҢ КӨКТЕЙТІНІНЕ КҮМӘН БАР»

122 просмотров

«КӨШЕТТІҢ КӨКТЕЙТІНІНЕ КҮМӘН БАР»
1 сурет

  Бұл түркістандық тұрғындардың айтар уәжі. Себебі, былтырғы күзден бастап егілген ағаштардың көктемде көктейтініне күмәнмен қарайды.

  Әдетте Түркістанның топырағы кез-келген ағаштың жерсінуіне мұрша бере бермейді. Сол үшін көп күтімді қажет етеді. Бұл ретте облыс басшылығы орталықты жасыл желекке айналдыру мақсатында қолдан келген шараларды іске асыру қажет екенін баса айтып жүр. Бірақ, осы бастама қаншалықты орындалып жатыр, жауапты тұлғалар қала көшелеріне егілген ағаштардың көгеретініне кепілдік бере ала ма? Мәселенің бәрі осында болып тұр.

«Рухани шаһарды жасыл қалаға айналдырамыз» деген игі бастама аясында әрі экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жүзеге асып жатқан көгалдандыру жұмысы әлі де өз жалғасын тауып келеді. Бұл ретте облыс орталығының шетінен «Жасыл белдеу» құрылып, қазірдің өзінде егілген жасыл желектің аумағы 8 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр.

  Былтыр қаланы секторларға бөліп әр аудан мен басқарма, бөлімдер өзіне тиесілі жерге тазалық жұмыстарымен қатар көгалдандыруды жүзеге асырған еді. Апта сайын жүргізілген сенбілік жұмыстарының басында қала әкімі Рашид Аюпов қадағалап өзі жүрген болатын. Рухани шаһарды көркейту мақсатында жүзеге асқан шараларда қала көлемінде түрлі талдар егілгені де белгілі. Осы орайда біз түртіп алған біраз жайды тілге тиек етпекпіз.

  «Бекзат» мөлтек ауданындағы Жарова көшесі бойында егілген көшеттер өсіп, қаланы жасыл қалаға айналадыруға өз үлесін қосады дегенге сену қиын.

«КӨШЕТТІҢ КӨКТЕЙТІНІНЕ КҮМӘН БАР»
2 сурет

Суреттерге назар салсаңыздар тастың үстіне егілген ағаш көктемде қалай көктейді деген сауал туындайды?

«КӨШЕТТІҢ КӨКТЕЙТІНІНЕ КҮМӘН БАР»
3 сурет

Ал, тұрғындар сындырып кетіп жатса бәрі бекер болғаны емес пе? Қала әкімдігінің жанында егілгеніне көп болмаған мына бір қылқан жапырақты (1 сурет) болса белінен морт сынған. Шаһар орталығында осындай жайттар орын алып жатса, шетіндегі өскіндердің жағдайы айтпаса да түсінікті шығар. 

  Қолда бар мәліметке сүйенсек Түркістан облысында 3 млн. 131 мың гектар орманды дала жер бар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 2019 жылы 11 мың гектарға ұлғайып, 1 млн 615 мың гектарға жетті. Рухани шаһардың айналасында қазірде бір миллионнан артық жапырақты, көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр. Биыл да өңірде шаған, терек, қайың, қарағаш, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылмақ. Мемлекеттің қыруар қаржысына келген көшеттер өссе Түркістанға сая болары анық.

  Жақында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан маңында қалыптасқан «Жасыл белдеу» аумағын аралап, қыста егілген ағаштардың көктегенін көріп, орман алқабында бірнеше тал егіп, көктемгі ағаш отырғызу науқанын ашып берген болатын. Осы орайда шаһар басшысы қала ішіндегі көшеттердің көктейтініне көз жеткізсе. Сондай-ақ, ағаштарды суаруды жіті қадағалап, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар беріп, халықты өз көшесі мен үйлерінің алдында отырғызылған ағаш көшеттеріне дұрыс қарауға үндесе. БАҚ өкілдері арқылы насихаттық жұмыстар көптеп жасалса, мұндай олқылықтардың алдын алуға болар ма еді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Аймақ».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *