
«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының «ӨМІР» жобасы аясында бүгін партияның Келес аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде игі іс-шара өтті. Әрдайым берекелі істің басында жүретін аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалының мәслихаттағы фракция мүшесі Нұралы Давлетияров аудандық орталық аурухананың дәрігерлеріне Ресейден өз қаржысына алдырған 3 дана «ARMED» жасанды тыныс алу аппаратын табыстады.
Жаны жомарт Н.Давлетияров елімізде болып жатқан індеттің уақытша сынақ екенін айта келе карантин талаптарын сақтауға шақырды. Сондай-ақ елдің арқасында нәпақасын тауып жүрген әрбір қалталы азаматты осындай қайырымдылық жасауға шақыратынын жеткізді.