Киім пірі – кимешек

Киім пірі – кимешек

60 просмотров

Киім пірі – кимешек

Әр халықтың өзімен бірге жасап келе жатқан мәдениеті, тұрмыс-салты, киім киісі, тағам түрлері бары анық. Жылдың әр маусымында мал жағдайымен көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар игілігіне жаратқан киім үлгілері өте көп. «Ең жақсы киім — халқыңның киімі» деп дана халқымыз айтқандай, кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Адам баласы қай заманда да болсын бас киімге ерекше көңіл бөліп, аса құрметпен қараған.

«Кимешек, киім ғана емес — мәртебе. Кигеннің ажарын ашады, қарағанның мысын басады» деген нақыл сөз бар.   Ертеде екі тайпа жауласып, келісімге келе алмай жағдай қиындағанда, ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанда, киелі бас киімнен ешкім аттап өте алмаған деседі. Демек, кимешектің саяси, тарихи мәні бар деп айтуға болады.

Әйел ғұмырының әр кезеңінде кимешектің де пішімі, ою-өрнек, әшекейлері де әр түрлі болған. Үйге келген қонақ ілулі тұрған үлгісіне қарап-ақ, отбасындағы әйелдің жас мөлшерін, талғамы мен дәрежесінен хабардар болған. Сәнді киіну – сән қуалау емес. Кимешекке жеткенше әйел баласы бірнеше кезеңдерден өтіп, әртүрлі бас киім киіп отырған. Мәселен, сәби қыз дүниеге келгеннен бастап, сылау тақия, сырма тақия, көз моншақты тақия, балауса қыздар маңдайын кестелеген шыт байласа, бойжеткендер маржандаған үкілі тақия, қалыңдықтар бөрік, сәукеле киген. Келін алып, қолы ұзарып, қазан-ошақ күйбеңінен арылған шағында апа-әжелерімізге аппақ кимешегін кигізіп, немере-шөберелерінің арасына отырғызса, қандай ғанибет!

Сөзімді түйіндей келе, қазақ халқының әжелерінен қалған киелі дүниені сақтап қалу, дамыту, болашаққа аманат ету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы деп ойлаймын.

А.Рахимжанова,

Тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың

әдіскері  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *