ҮКІМЕТ КОРОНАВИРУС ИНФЕКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАҒДАЙ

ҮКІМЕТ КОРОНАВИРУС ИНФЕКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАҒДАЙДЫ ЖӘНЕ ҚР АЗАМАТТАРЫН ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫН ҚАРАСТЫРДЫ

109 просмотров

КОРОНАВИРУС

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды.

Ағымдағы жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен ҚР сыртқы істер министрі М. Тілеуберді баяндады.

Қазақстанда коронавирустық инфекция жағдайлары тіркелмеген. ҚР-да ЖРВИ симптомдары мен жоғары температурасы бар 134 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 106-сы сауығып шықты, 28-і әзірге стационарларда емделуде. Науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.

Медициналық ұйымдар тұрғылықты жері бойынша Қытайдан келген азаматтардың денсаулығын мониторингілеу бойынша жұмысты жалғастыруда, 24 167 адам қамтылды, оның ішінде 1298-і – шетел азаматтары. Соңғы 14 күн ішінде ҚХР-дан келген 8 851 адам медициналық бақылауға алынған, қалған 15 316-сы инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты мониторингтен шығарылды.

Орталық референс-зертхана базасында Аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесіп, коронавирусты жедел диагностикалауға мүмкіндік беретін диагностикалық жүйені әзірледі. Халықаралық ынтымақтастық аясында Роспотребнадзордан 2000 зерттеуге диагностикалық жүйелер алынды және ҚХР-дан 5000 зерттеуге сатып алынды.

Бүгінде ҚХР аумағында 497 ҚР азаматы бар, олардың 337-сі студенттер. Биылғы 10 ақпаннан 11 ақпанға дейін ҚР 217 азаматы «Эйр Астана» әуе компаниясының чартерлік ұшағымен Бейжің қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Осы жылдың 12 ақпанында ҚХР-дан ҚР 155 азаматын осындай рейспен шығару жоспарланған. Азаматтарды елге эвакуациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін ҚХР аумағында Қытайда қалуға ниет білдірген ҚР 343 азаматы қалады.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында коронавируспен ауыратындар тіркелмеген. Жағдай тұрақты және Үкіметтің тұрақты бақылауында», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстарын жалғастыруды, Сыртқы істер министрлігіне ҚХР-дағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Премьер-Министр монополияға қарсы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің назарын дәріхана желілеріндегі медициналық маскалар мен вирусқа қарсы препараттарға бағаны жасанды көтерудің жекелеген фактілеріне аударды.

«Мәселенің мән-жайын анықтаңыздар. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің әкімдері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы керек», — деп түйіндеді А. Мамин.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі

Aimak.com.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *