НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНАН БАСТАУ АЛАТЫН АЛТЫБАҚАН

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНАН БАСТАУ АЛАТЫН АЛТЫБАҚАН

15 просмотров

      

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНАН БАСТАУ АЛАТЫН АЛТЫБАҚАН

          Алтыбақан  негізінен көшпелі  түркілердің ұлттық ойыны ретінде аталып жүр. Бұл ойын қазақ, қырғыз, қақас халықтарының мерекелері мен тойларының көркі болып келеді. «Алтыбақан»  қазақтың ұлттық ойыны бұған дейін сауық-сайранның атрибуты мен  көшпелі түркілердің той салтанат нышаны түрінде ғана қаралып, бағаланып келеді. Алайда, бүгінгі биіктеген таным талабының  тұрғысынан және әлемдік мәдениеттану сахнасына шыға бастаған түркілік өркениет үлесін үңги  қарастыру заманы келген шақта Алтыбақанға да уақыттас ұстаныммен қарау қажеттігі туындайды. Алтыбақан – ұлттық ойын болғанымен, оның салт-дәстүрлік маңызы одан гөрі жоғары. Көпшілік ауылдың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып ойын-сауық жасайды. Бұл жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруға зор тәрбиелік қызмет атқарады. Әншейінде «қызға қырық үйден  тыйым» дейтін қазақтың қыздарын алтыбақанға жібермейтін қақы жоқ. Алтыбақанда жастар ән салып, түрлі ойын ұйымдастырып, түн ортасына дейін сауық құрады. Алайда, аталмыш пайым мен анықтама Алтыбақанның маңызы мен мәнін толық ашпайды. Ол үшін осы өзге жұрттардағы ойындарды келтіріп көрейік.  Серік Ерғали «Алтыбақан – түркілік мифологиялық жоралғы сайманы» мақаласынан үзінді айта кетсем: Алтыбақан қырғыздарда  «Алты бақан селкіншек» аталады. Бұрынырақта қырғыз Алтыбақаны ағаш өскен маңайда қос ағашқа байланған арқандардан құрылса керек. Ағашы жоқ өңірде алты бақаннан арнайы тербеуіш (әлпеншек, әткеншек) құрып ойнайтын болған. Қырғыздарда да қыз бен жігіт алтыбақан тебеді, бірақ қалған жастар екіге жарылып, бір бірімен ән-күй жарыстырады.

Қақастың алтыбақаны «Чиленмес» делінеді. Бұрынғы замандардағы некетойларда чиленмес-тербеуіште жастар тербелген. Соңғы кездері Христиан дінінің ықпалымен оны жыл сайынғы Пасха мерекесінде тебу үрдісі пайда болыпты. Қақастарда да алты қайың сырық алынып, үш-үштен сырықтардың басы байланып, пирамида (алачых — лашық) құралады. Олардың жоғарғы бастарының арасын көлденең қосатын арга (арқа, арқалық) аталатын сырық бекітіледі. Құрылған Чиленмеске шарап бүркіп аластау рәсімі жасалады. Қақастарда бір-бірден де, қыз-жігіт жұптасып та тербетіледі. Тербеліс әнмен сүйемелденеді. Кейде жастар шапшаңдыққа жарысқан. Ол үшін Алтыбақандағылар жерге асық иіреді, жердегі тұрғандардан кім қақшып алса — сол шапшаң.

Тәжіктерде де Наурыз мерекесі кезінде жастардың әткеншек (атқыншақ, качели) тебетіндігі белгілі. Шариф Шукуров : Крашеные в красный цвет яйца и качание на качелях являются одними из наиболее характерных признаков Навруза. В настоящие время в горах Гиндукуша, к югу от Памира, сохранились аналогичные новогодние обычай…»

Кәрейлер де тәжіктер секілді, жылына бір рет келетін жылдық мерекесінде қыздарына тербеуіш тептіретін салтын тарихи фильмдерінде көрсетіп жүр. Мұнысы қырғыздардың «Алты бақан селкіншек» ғұрпымен қос ағаштың арасына арқан керіп тербелу салтына ұқсайды.

Тайландтың астанасы Бангкоктың қақ ортасындағы Сутхат тәуханасына (храм) қарсы бетке, 1784 жылы тұрғызылған биіктігі 42 метрлік алып қып-қызыл әлпеншек орнатылған. Бұл жылына бір-ақ рет брахмандық салтанатта қолданылады, былайғы уақытта оны ешкім де қозғамайды. Жергілікті жұрт «Сао-чингча» атайтын бұл тербеуіш жаңа дүниенің туылу құрметі мен күріштің шығымына қатысты Шива құдайға деген құрметке арналған делінеді. Бұл күні тәуханаға Шива мен Вишну құдайлар келеді-міс. Жоралғы былайша қалыптасқан: тәу етушілер әлпеншекке біртіндеп шығып, тербелген күйі барынша биіктеп барып, 25 метрдей жоғарыда ілінген ақша толы қапшықты тісімен қақшуы тиіс. Бұл жоралғыдан ойынға айналып кеткен рәсім деуге болады, алайда, бұл табысты ойын қатысушылар өміріне аса қатерлі болып, біршама өлім болған секілді. Ақыры 1935 жылы бұл ойынға қатерінің молдығынан тыйым салынған. Қыздарына қатаң тыйыммен қараған қазақтардың Алтыбақанға қатысты бойжеткендерін еркінсіту дәстүрі жоралғы-ойынның маңызын одан әрі арттыра түседі. Жыл басы санайтын Наурыз секілді маңызды мерекенің жалғасы ретінде, жыл бойына болатын ірілі-уақ той-мерекелерді өткізетін түркілер, әуелгі қасиетті күнде ғана ойналатын Алтыбақанды жыл бойғы қуаныштардың нышанына айналдырып жіберсе керек. Сондықтан олар жыл сайын болатын Наурыз секілді айтулы мерекемен шектелмей, әрбір тойды сол ұлы салтанаттың жалғасы есебінде тұтып, некетой, ірі салтанаттарда Алтыбақан тебу ғұрпы қалыптасқан.

А.Мирзабекова,

Түрістан облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *