ОТЫРАР АУДАНЫ ҚОСТАНАЙҒА КӨМЕК ЖӨНЕЛТТІ

22 просмотров

Ел басына  қиыншылық түскенде едел-жедел үн қатқан Түркістан облысы әкімдігінің іс-қимылы Отырар ауданында да жалғасын тауып, аудан әкімдігі де шұғыл іске кірісті. Осындай қиын сәтте аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де аянып қалмады.
Баршаға белгілі 2 қыркүйекте Қостанай облысында орманнан шыққан өрт үш күнде 43 мың гектар жерді шарпып, төрт елді мекенге тарап үлгерді. Жүзге жуық үй жарамсыз күйге түссе, екі мыңға жуық адам апат аймағынан көшірілді.
Арнайы бөлінген жүк көлігімен сауда нүктелері орталықта орналасқан кәсіпкерлерге жолығып, қиындыққа тап болған бауырларымызға бөлген гуманитарлық көмектерін жинап шықты. Негізінен кеспе, күріш, маш, ұн, макарон, өсімдік майы, шай, тіс пастасы, сабын, кір жуатын ұнтақ, аяқ киім сынды күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, 500 келіден астам азық-түлік жүк көлігімен облыс орталығына жөнелтілді.
«Ер іс үстінде сыналар» дегендей, Ғалым Шірдебаев («Дархан» дүкені), Аманкүл Малдыбаева («Малдыбай» дүкені), Бекзат Төкеев («Айгерім»), Бағила Тәжиева («Айзере»), Майра Дербісова («Айдос»), Құлмахан Рысбергенов («Жансая») сынды ұлтжанды азаматтар бастаған 21 дүкен иесі табиғат апатынан зардап шеккен ағайындарға қиын кезеңде қол ұшын соза білді. Күні кеше Нұрлан Түймебаев есімді Шәмші ауылының тұрғыны, қарапайым жүргізуші ел басына түскен ауыр жағдайды ести сала бізге арнайы жолығып, қомақты үлесін қосып кетті. Аталған қайырымды іске атсалысқан, үлес қосқан барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз.
Азамат ДОСАНОВ,
аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.