ПРАЙМЕРИЗ: АЛАМАН БАСТАЛДЫ!

ПРАЙМЕРИЗ: АЛАМАН БАСТАЛДЫ!

47 просмотров

ПРАЙМЕРИЗ: АЛАМАН БАСТАЛДЫ!

Өңірлерде партияішілік тұлғаларды ашық таңдау тәсілі – праймериз аламаны басталды. Мұндай жүйе демократиялық құндылықтар қалыптасқан АҚШ-та бір жарым ғасырдан бері дәстүрлі жүріп келеді. Оның бастамашысы Висконсин штатының губернаторы Роберт ла Фолетт болатын (1904 ж.). Праймериздің мәнісі – негізгі сайлауға дейін бір саяси партия ішіндегі халық сеніміне ие беделді тұлғалармен халықты жақынырақ таныстырып, алдын-ала сайлау өткізіп алу. Былайша айтқанда, нағыз сайлау кезінде бір партия мүшелері арасында алауыздық туғызбай, дауысты жан-жаққа бөлмей, лайықты бір үміткерге сенім артуды көздеу. Праймеризде ұтылып қалған үміткерлер де «далада қалмайды», алдағы нағыз сайлауға қатысып бағын сынай алады, тек ерекшелігі – оларды партияластары қолдай алмайды.

Қазір барлық деңгейдегі ірілі-ұсақты тұлғалар өздерін осы праймеризге ұсына бастады. Үгіт жүргізу науқаны басталғанда ел ортасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламаларымен таныстыратын болады. Кім көбірек халық сеніміне ие болады, сол аудандық, облыстық мәслихаттарға, Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде түсе алады. Әрине, үміткерлер әңгімелесуден, тест тапсырудан өтеді. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі.

Мұндай демократиялық үрдіс депутаттар қатарын кресло мен мандатқа ие болып қана қалғып-мүлгіп отыратын «халық қалаулыларынан» арылтып, шынайы халық сенімінен шығатын білімді де білікті жас азаматтармен толықтыруға мүмкіндік туғызатыны даусыз.

Саяси науқанның алғашқы күні-ақ Түркістан облысында 40-қа жуық үміткер өтініш беріп үлгерді. Басым бөлігі 35 жасқа дейінгі жастар. Депутаттар арасында әйелдердің үлесін кем дегенде 30, ал жастардың үлесін 20 пайызға жеткізу бастамасы қоғам тарапынан қолдауға ие болып отырғаны қуантады. Бұл, келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтере алатын әйелдерді көптеп көре алатынымыздың кепілі.

Ал, болашақ халық қалаулылары, жұрттың алдына қаймықпай шығып, ел мүддесі жолында қызмет етуді көздейтін шынайы бағдарламаңмен таныстыруға дайынсың ба? Бізге сол баяғыдай «ықпал етемін», «тырысамын», «көмек беремін» деген құрғақ уәде мен сылдыр суға толы көшірме бағдарлама емес, қоғамды ілгері жылжытуға мүмкіндік беретін, партия беделін көтеретін нақты тұғырнама керек!

Бекжігіт Сердәлі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *