РУХАНИ АСТАНА: Түркістанда Елбасыға ескерткіш қойылды

РУХАНИ АСТАНА: Түркістанда Елбасыға ескерткіш қойылды

9 просмотров

Түркістанда облыс әкімшілігінің алдына Елбасының ескерткіші ашылды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа қойылған қола мүсіннің биіктігі – 4 метр, оның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш.

Іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ескерткіш Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап соғылған.

Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта орнатылған мүсіннің композициясында «Ұлы Даланың ұлы» атты қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Автор Елбасының Қаратау жазығында, шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген болатын. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асты.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 1000 респондент қатысып, олардың 93 пайызы бастаманы қолдайтындарын білдірген болса, респонденттердің 4,5 пайызы қарсы, 2,5 пайызы бейтарап позицияны ұстанған.
Демеушінің қаржысына орнатылған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуына Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Түркістан облысы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысты.

Түркістан төрінде орын тепкен монументке қатысты зиялы қауым өкілдерінің айтары бар. Атап айтқанда салтанатты ашылу рәсімге қатысқан зиялы қауым өкілдері Елбасы ескерткішінің Түркістанда қойылуының символдық мәні зор және Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Ұлы даланың ұлы» монументі – ел ықыласынан туындаған дүние екенін алға тартып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.