САН ТАРАУ ЖОЛДАР БІР ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

САН ТАРАУ ЖОЛДАР БІР ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

79 просмотров

САН ТАРАУ ЖОЛДАР БІР ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ ЕНГІЗІЛЕДІ


Былтыр елімізде жол сапасын қадағалайтын ұлттық орталық құрылды. Әр аймақтан бір-бір филиалы ашылды. Бұл мекеменің міндет-мақсатын білу үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының директоры Мұхит Ахметовпен сұқбаттасқан едік.

  • — Мұхит Тұрмысбекұлы, осы бір жыл көлемінде қандай шаруа атқарылды?
  • — «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Түркістан облыстық филиалы былтыр маусым айында құрылды. Біздің инженерлер аймақтағы барлық республикалық және облыстық маңызға ие жолдарға тексеріске шығып, 1400- ге жуық сынама алды. Жолдың геометриялық өлшемдері, нормативтік және техникалық талаптарға сай ма, жоқ па, соны қадағалады. Осы тексерулердің нәтижесінде 1015 кемшілік тіркелді. 80 сынаманың құрылысқа жарамсыз екені анықталды. Оның көбі жолға жұмсалатын құрылыс материалдары және асфальт жабындыларының нашар екенін көрсетті. Мердігер олқылықты өз есебінен түзеуге міндеттелді. Ал, биыл салынып жатқан жолдардан 492 сынама алынып, 352 кемшілік тіркеліп, оның 92-сі құрылысқа жарамсыз екені анықталды. Бұл жөнінде тапсырыс беруші әкімдіктерге және мердігер ұйымдарға жолдың сапасы бойынша тиісті ақпараттар жолданды. Мақсат – мемлекет қаржысын тиімді жұмсау, жауапкершілікті күшейту.
  • — Түркістан облысы жол құрылысы бойынша республикамызда көш басында тұр. Былтырдың өзінде 1 738 шақырым жол жөнделіпті. Барлық аудан, ауылдардағы жұмысты қалай үйлестіріп, қалай үлгересіздер?
  • — Осы жылы облыстық және барлық аудан әкімдіктерімен жол сапасын бақылау жөнінде келісімшарт жасалды. Тексерілетін нысандардың тізімі жоспарға сай бекітілді.
    Осыған байланысты жұмысты ширату үшін мекемеге қосымша мамандар мен 2 бірдей арнайы автокөлік алынды. Жол сапасын зерттейтін арнайы заманауи құрал- жабдықтар сатып алынды.
  • — Салынып жатқан жолдарға Сіздерден бөлек, техникалық қадағалау жүргізетін құзырлы органдар барма? Ұлттық сапа орталығының олардан айырмашылығы неде?
  • — Бізден басқа да техникалық қадағалаушылар бар. Айырмашылығымыз, олардың жолдың сапасын тексеру бойынша техникалық – материалдық құрал жабдықтары аз. Жолды толықтай тексеруге мүмкіншілігі жоқ. Ал, бізде техникалық — материалдық база толығымен қамтылған. Мамандарымыз біліктілігін жетілдіру үшін үнемі арнайы оқу курстарынан өтіп отырады.
  • — Жолдарды цифрландыру, жолаушылар қауіпсіздігін қамту бойынша не істеліп жатыр?
  • — Қазіргі уақытта, біздің мекеме жолдардың жағдайы туралы толық ақпарат беретін арнайы мобильді қосымшаны әзірлеп жатыр. Онда жол туралы, жолдағы нысандар туралы бүкіл ақпарат шоғырланады. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдардың сапасына алдын ала диагностика жасап, олардың ақауларын заманауи диагностикалық құралдармен анықтап отырамыз, жол белгілерінің жарық шағылыстырғыш қасиеттерін анықтап, олардың жай-күйін мердігерлерге хабарлап отырамыз. Ақаулықтар анықталған жағдайда мердігерлерді ақауларды жөндеуге міндеттейміз.
  • — Салынған жолды бұзатын ауыр жүк көліктері. Түркістан облысында 300 шақырым жол соның кесірінен жарамсыз күйге түскен деген ақпарат бар. Тәртіп бойынша жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан аспауы тиіс. Бірақ, оларды, әсіресе құм – қиыршық тас таситындарды тексеріп, тезге салынып жатқанын көрмедік. Осы орайда, Сіздер қандай шара қолданасыздар?
  • — Біздің мекеме облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, көліктік бақылау инспекциясы, ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы, Қазақавтожол компаниясымен бірге осы мәселе бойынша арнайы шара өткізуді жоспарлауда. Мақсатымыз – ауыр жүк тиелген көліктерді бірлесіп қадағалау. Яғни, жол жиегінде заң бұзушылықтарға қарсы арнайы хабарлама тақталары, баннерлері орнатылып бақылау органдары мен халықтың арасында тығыз байланыс орнатылады.
  • — Жол құрылысы саласында мамандар жеткілікті ме?
  • — Жол саласында мамандар жеткіліксіз. Осыған байланысты, біздің мекеме колледждерге, мектептерге барып жастарға жол саласы мамандығын таңдау бойынша үгіт – насихат жұмыстарын жүргізіп отырады. Бірнеше оқу орындарымен арнайы келісімшарт жасалынды. Сонымен қатар, студенттердің біздің мекемеден тәжірибеден өтуге толықтай мүмкіндіктері бар. Осы жылы біршама студенттер біздің мекемеде тәжірибе жұмыстарын өткізеді. Жолшы- жалақысы да жоғары әрі сұранысқа ие мамандық екенін айта кеткім келеді.
  • — Сұқбатыңызға рақмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *