
Түркістан облысы Отырар ауданы Шілік ауылында бүгінде шаттандырар тірліктер толып тұр. Бұған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықтың жолбасшылығымен барған сапарымызда куә болдық.
Табысын тек адал еңбекпен ғана тапқан бір үзім нанның тәтті де сіңімді болатындығын ізгілікті істері арқылы ұрпақтарына ұғындырып келе жатқан аяулы ана Роза Киізбаева жетекшілік ететін «Дәурен» шаруа қожалығының егістік алқабы бардық. Онда 5 гектар алқаптың 2 гектарына ақ жүгері, 1 гектарына қияр, 2 гектарына қарбыз бен қызанақ егілген. Мұндағы егілген дақылдарды қажетті талаптарға сай ойдағыдай күтіп-баптау міндеті жер қадірін жақсы білетін білікті дихан жігіт Файзулла Пернебайұлы Рахымовқа сеніп тапсырылған. Қимыл-қозғалысы ширақ, ісі тындырымды Файзулламен қай дақылды қалай егіп, қалай күтіп-баптау қажет екендігі жөнінде сыр шертісер болсаңыз біршама пайдалы мағлұматтарға, кеңестерге қанығатыңыз айтқан аз-кем әңгімелерінен айқын аңғарылса, тындырымдылықпен атқарылған тиянақты тірліктері одан әрі дәлелдей түсетіндей. Үш-төрт мәрте әбден қандырыла суарылып, кісі бойындай болып жайқала өсіп тұрған жүгеріліктің шашақтары салалы собықтары білектей-білектей болмыстары мен көз тартады. Барлық дақыл түрлері өз дәрежесінде күтіп-бапталып отырған қожалықта қазір жүгері мен қиярдың алғашқы өнімдері дүкендерде саудалануда
Біз бұл жерден облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының істі ұтымды үйлестіре отырып, бір алқаптан екі-үш рет өнім алу жөніндегі тапсырмасының мүлтіксіз орындалып жатқан озық үлгісін ұшырастырдық.Бұған дейін өнімі жиналып алынған алқапқа егілген жүгері мен қарбыздары әжептеуір көзге көрініп қалыпты.