ШЫМКЕНТТЕ КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

ШЫМКЕНТТЕ КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

31 просмотров

ШЫМКЕНТТЕ КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Коронавирус індетінің кең таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласында барлық сақтық шаралары жасалуда. Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау үшін 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілгені белгілі. Бұл ретте қала тұрғындары карантин талаптарын бұлжытпай орындауы өте маңызды. Қазіргі таңда Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеуде, шаһарда залалсыздандыру шаралары күшейтілуде. Сондай-ақ медицина мамандары төтенше жағдайға байланысты күшейтілген режимге көшкен. Осы орайда, жаһандық індетпен күрес жұмыстары аясында Шымкент қаласында 6-11 сәуір аралығында атқарылған жұмыстарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынамыз.

Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандарға​ госпиталь салынуда​

Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандар үшін​ 200 орындық госпитальдың құрылысы басталды. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа аурухананың құрылысымен танысты. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылады. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай отандық. 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған.

Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Және онда медицина қызметкерлері жатып жұмыс істейтін жай салынып, оған қажетті мамандар​ іріктеліп алынады. Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болады.

Мұндағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестіретін болады.​ Аталған госпитальдің қала аумағында қызмет етуі инфекциялық аурулардың алдын алуды жақсартатын болады.

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық перзентханада жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бүгінде медициналық ұйымға тиесілі 6 ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мердігер компания сәуірдің соңында алғашқы 3 корпустың құрылысын бітіруді және 3 ғимараттың күрделі жөндеуін күзге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаржы қаралған нысандағы жұмыстармен танысқан қала әкімі қанағаттанарлық деп баға берді.

Қазіргі таңда қалалық перзентхананың ескі ғимаратында қажетті ем-дом алуда. Жөндеу жұмыстары аяқталысымен жаңа бөлімге көшіріледі. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталып, заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 10 мың ананың босануына мүмкіндік жасалатын болады.

Банк қызметтерді онлайн-режимге көшірді

Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантиндік шара кезінде халықтың бір жерге көп шоғырланбауы өте маңызды. Осы санитарлық талаптарды орындау мақсатында қаламыздағы екінші деңгейлі бірнеше банк бүкіл қызметтерді онлайн-режимге көшірді.

Бүгінгі таңда мемлекет тағайындаған 42500 теңгені алуға өтініш беру үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн жүйесінде көрсетіледі. Қазір үйде отырып шот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатталып қалса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. Цифрлық жүйенің арқасында енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырыс беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді.

Айта кетерлігі, қаламыздағы базарлар мен дүкендер және сауда орындары төлемдерді пост терминалдар арқылы қабылдауды бастады. Бұл өз кезегінде коронавирустың таралуына тосқауыл болмақ. Оған қоса көлеңкелі бизнеситің жолын кеседі.

Банктік картасы жоқ азаматтар банктерге қоңырау шалу арқылы немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Төлем картасын қабылдайтын құрылғы орнатпаған нысандарға әкімшілік шара қолданылмақ.

Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Шымкенттегі банк бөлімшелерінде сақтық шаралары күшейтілген. Онда клиенттердің қауіпсіздігі үшір әрбір 1,5-2 метр сайын арнайы жолақтар сызылған. «Халық бан», «Kasрi bank», «Банк хоум кредит» пен «КазТрансГаз» АҚ төлем кассаларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, мекеме қызметкерлері індеттен сақтану жолдарын келушілерге түсіндіруде.

Төтенше жағдай зартаптары ретке келтірілді

2020 жылғы 9 сәуірде жауған қардың салдарынан Шымкент қаласы аумағында көптеген ағаштар құлап, электр желілері үзілді. 8 мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды.

Төтенше жағдайдың зардабын жоюға қаладағы коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар департаментінің 111 бірлік техникасы мен жеке құрамнан 600 адам, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 24 апатты қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылды.

Әскери қызметке келушілердің қатары артуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысына орай, Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қарасы артты.

Еріктілер қалалық әскери комиссиариятқа барып тіркеліп жатыр. Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен қала бойынша әзірге 100-ге жуық азаматты қабылдау жоспарланған. Олар зазалсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынып жатыр.

Оқушылардың 96,7%-ы электронды құрылғылармен жабдықталған

Шымкент қаласында жалпы 213 білім беру ұйымдары толығымен қашықтан оқыту форматына көшті. Ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап барлық мектеп оқушылары ІV тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастады. Қалада жалпы 172 мектепте 222 037 оқушы білім алуда.

Оның ішінде инклюзивті білім берілетін оқушылар саны — 827. «WhatsApp» мессенжері арқылы оңалту сабақтары 702 оқушыға жүргізілуде, ол 86,5%-ды құрайды. 125 оқушы денсаулығына байланысты ата-аналарының өтініштері негізінде сабақтан босатылған.

Оқушылардың 96,7%-ы электронды құрылғылармен яғни, компьютер, смартфон, планшет т.б жабдықталған (214 613 оқушы), қалған 3,3%-ы 7 424 оқушының телеарналар арқылы білім алу мүмкіндігі бар.

Бүгінгі таңда мектеп оқушылары толығымен қашықтықтан білім беру жүйесімен қамтылды. Барлық 17 253 мұғалім электронды құрылғылар мен интернет желісімен қамтамасыз етілген.

Жоғары оқу орындары 4 цифрлық білім беру платформалары арқылы жұмыс атқаруда. Студенттер саны – 106 723 (практикада – 11 459, сырттай – 22 333).

Қаладағы жалпы балабақша саны – 521, онда 75 386 бала тәрбиеленуде. Ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстары тоқтатылды.Қаладағы барлық балабақшалар қызметінің уақытша тоқтатылған мерзімінде меншік түріне қарамастан балабақша қызметкерлерінің жалақылары толық көлемде төлену туралы шешім қабылданды.

Сall орталық 8707 қоңырауға жауап берді

Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың сауалдарына тұщымды жауап беру мақсатында қала басшылығының шешімімен арнайы Сall орталық ​ жұмысын бастаған болатын.

39-50-55 нөміріне тіркелген 9 телефонда күнделікті отыратын мамандар 22 наурыз бен 9 сәуір аралығында азаматтардан түскен 8707 қоңырауды тіркеп, сауалдарға жауап берді. ​ ​

Орталық қызметіне жүргізілген талдау жұмыстары соңғы үш күнде осындағы мамандардың 2224 сауалға жауап бергенін көрсетіп отыр.

Жалпы, бүгінге дейін сall орталыққа әлеуметтік көмек жайлы 5454; тасымалдау бойынша 1553; кәсіпкерлік туралы 722; блок-бекеттер жайлы 378; коммуналдық проблемалармен 223; карантин бойынша 128; бетпердеге қатысты 87; азық-түліктің бағасы туралы 86; дезинфекциялау мен ​ қашықтан оқыту және өзге де мәселелермен 76 қоңырау шалынған.

Әлеуметтік бағыттағы сұрақтардың артуына орай, қаладағы аудан әкімдіктерінде арнайы мамандар кезекшілігі ұйымдастырылып, орталыққа түскен қоңыраулар бағыттау (переадресация) жүйесіне қосылған.​

«Birgemiz» қоры шымкенттік

21864 отбасыға көмек беруде

Елімізде құрылған «Birgemiz» қорынан 11 мың 997 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.

«Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалының мәліметінше, 15 сәуірге дейін тізімге ілінген 21 864 мұқтаж отбасының барлығына көмек көрсетілмек.

Айта кетсек, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды қолдау мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімдіктері көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына мониторинг жүргізіп, аса мұқтаж отбасыларды іріктеп, арнайы тізімге енгізген.

40 мың 586 азамат әлеуметтік төлемді алды

Елімізде коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 40 586 тұрғыны 42 500 теңге төлемді алды.

Мемлекеттік корпорацияға (ЗТМО Еңбек министрлігі) Шымкент қаласынан 43 210 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, белсенді тағайындау нысаны арқылы 8 037 азаматтың өтініші тікелей бірыңғай базасына БЖТ электронды төлеушілер порталына келіп түскен. Әлеуметтік төлем 39 857 азаматқа төленді. Белсенді тағайындау нысаны арқылы — 8 037. Жалпы мемлекеттік жәрдемақыны 40 586 азамат алды.

Блок-бекеттер бейнебақылау камералармен қамтылған

Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералармен қамтылған.

18 блок-бекетте арнайы автокөлік құралдарымен жалпы 676 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде 240 полиция қызметкерлері (18 арнайы автокөліктер), 204 медицина қызметкерлері (18 жедел жәрдем көліктер) және 232 қарулы күштер 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда. Одан бөлек 18 прокуратура қызметкерлері жұмылдырылған.

​Аталған блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алып, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) хаттамалар толтырылған — ескерту жасауға немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Олардың 1 жайты бойынша тұлға әкімшілік қамауға алынған, қалған істер қаралу сатысында.

Коронавирус инфекциясының кең таралмауына және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында 16 аумақ оқшауланды. Онда 163 полиция қызметкері жұмылдырылған. Медицина мамандары да тәулік бойы қызмет атқаруда. Ошақтарда науқастардың тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жүргізіліп, үздіксіз эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілуде.

1290 медицина қызметкеріне үстемақы төленді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, бүгінгі күні Шымкент қаласында 1290 медицина қызметкеріне үстемақы төленді.

Оған сәйкес, медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 24 қызметкерге 8,7 млн теңге бөлінді. Екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге, 845 медицина мамандарына 258,3 млн теңге бөлінді. Үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 421 медицина ұйымының қызметкеріне 51,3 млн теңге бөлінді.

Үстемақы алғандар реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем жүргізушілері.

Шымкент-Ленгір тас жолының бойындағы көпір ашылды

Шымкент қаласындағы «Сайрам-су» өзенін кесіп өтетін көпірді қайта құру жұмыстары 2019 жылы басталған. Аяқталу мерзімі осы жылдың мамыр айына жоспарланған болатын.

Елімізде енгізілген Төтенше жағдайға қарамастан мердігер компания қайта құру жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтады. Көпір құрылысын «Корпорация Береке-А» ЖШС-і жүргізді.

Айта кетсек, 433,87 млн теңгеге жобаланған көпірдің құрылыс жұмыстарына өткен жылы 200 млн. теңге бөлінген. Биыл қалған бөлігі игеріліп, көпір ел игілігіне берілді.

Екі науқас коронавирустан жазылып шықты

Шымкентте коронавирус жұқтырған екі науқас ауруханадан жазылып шықты. Дертінен айыққандар — анасы мен баласы. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр баспасөз брифингінде мәлімдеді.

2020 жылдың 11 сәуір күнгі жағдай бойынша Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияның 33 жағдайы тіркелген.

Қуаныштысы сол, «Тәуелсіздікке — 20 жыл» бірінші ошағынан осы 2 отбасы мүшелерінде зертхананың сынамалар теріс болып, олар үйге шығарылды. Дәрігерлер пациенттердің жағдайы жақсы екенін айтады.Дертінен айыққандар 1970 жылғы және 1996 жылғы бір отбасының мүшелері. Нақтырақ айтқанда, анасы мен баласы Ал отбасының қалған 3 мүшесі медициналық қызметкерлердің бақылауымен 14 күндік карантин аяқталғанға дейін қалады, себебі інісінен COVID-19 ауруы 12 күні анықталып, әкесімен қарындасы жақын байланыста болған.

Дезинфекциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Бүгінге дейін қаладағы 4 ауданда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шымкентте бұл бағыттағы іс-шаралар карантин аяқталғанша жүйелі жалғасады.

Дезинфекциялау қала көшелерінде, көпқабатты үйлерде, аулаларда және жаяу жүргіншілер жолдары мен аялдамалар сынды қоғамдық орындарда атқарылуда.

Шымкент қаласындағы залалсыздандыру жұмыстарына 50 автокөлік пен 600-ге жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, 200-ге тарта әскери қызметкер қамтылған.

Тұрмысы төмен 76 мыңнан астам адамға тегін бетперде таратылды

Шымкентте әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтарға жалпы саны 76 255 бетперде тегін таратылды.

Мәселен, «Бекжан» базары маңындағы «Магнум» ірі сауда дүкендер желісінде Абай ауданы әкімдігі аталмыш супермаркеттен ай сайын азық-түлік есебінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 мыңдай отбасыға 32 мың дана бетпердені тегін таратты. Бұл акция тікелей мемлекеттік бюджет қаражатына ұйымдастырылды. Аталған акция алдағы уақытта да жалғасады. Бұдан бөлек, Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Nauryz park» сауда кешенінде Қаратау ауданы әкімдігі атаулы әлеуметтік көмек алатын 5 400 отбасыға тегін 5 дана бетпердеден үлестірді. Акция аясында 16 мың дана бетперде таратылды.

Еңбекші аудандық әкімдігі де аталмыш акцияға үлес қосты. «Теріскей» шағынауданындағы «Магнум» ірі сауда дүкенінде әлеуметтік көмек алушылар тізімінде тұрған 3114 тұрмысы төмен отбасының әрқайсысына бес-бесеуден жалпы саны 15 570 көп реттік бетперде таратты.

Сондай-ақ игі шара Әл-Фараби ауданы әкімдігі тарапынан да ұйымдастырылды. Ескі қала аумағындағы «Магнум» сауда кешенінде осы дүкеннен әлеуметтік пакет ретінде ай сайын азық-түлік алатын 2537 жағдайы төмен отбасыға бесеуден тегін 12 685 бетперде берілді. Бұл көп реттік маскалар, сондықтан сабындап жуып, қайта қолдануға жарамды.

Айта кету керек, Шымкенттегі бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.

Әлеуметтік азық-түліктер белгіленген бағамен сатылуда

Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен бірінші кезекте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі жіті бақылауға алынды. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлінді.

Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «Gramad Retail» ЖШС мен келісім түзілді. Қазіргі таңда аталмыш серіктестіктің қоймасында азық-түлік қоры жеткілікті. Оған қоса тауарлардың көтерме бағасы тұрақты. Келісім негізінде серіктестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатып жатыр.

Енді «Gramad» супермаркетіне «Magnum» «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.

«Gramad», «Magnum», «Фиркан» супермаркеттерінің 21 сауда нүктелері мен бес базардағы жылжымалы орындарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *