СОЗАҚ АУДАНЫ ҚАРЫШТАП ДАМУ ҮСТІНДЕ

70 просмотров

Облыс әкімі Созақтың инфрақұрылымдық нысандарымен танысты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданында жұмыс сапарымен  болып, тұрғындармен кездесіп, бірқатар инфрақұрылымдық нысандармен танысты. Созақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жиын бекеті ашылды.

Жаңа ғимаратта ауданның әскерге шақырылатын жастарына алғашқы зерделеу мен медициналық тексеріс жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті әкімшілік және қызметтік үй-жайлармен, медициналық жарақтармен жабдықталған.

Мұнда қыркүйек айынан басталған күзгі әскерге шақыру науқаны аясында шақыру комиссиясы жұмыс істеп жатыр.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Жиналғандар алдында сөз алған аймақ басшысы армияның елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудегі, сондай-ақ қазақстандықтардың тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сонымен бірге Дархан Сатыбалды аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім ұжымын осы маңызды оқиғамен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының Қарулы күштердің халықпен өзара іс-қимылын қалыптастыруда одан әрі нәтижелі жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Іс-шара Созақ ауданындағы әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің күшімен дайындалған концертпен жалғасты.

«Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды

Аудан орталығы Шолаққорған ауылында «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды.
Түркістан облысының әкімі Дархан  Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапарында орталықты ашып, ардагерлермен жүздесті.
— Аға буын қарияларға құрмет көрсету — ұрпаққа парыз. Біздің қазыналы қарттарымыз денсаулығын түзеп, бақытты өмір сүруі тиіс. Пайдалануға берілген жаңа нысан көпшілік сұранысын қанағаттандырады деп сенемін, — деді облыс әкімі.
Жаңадан пайдалануға берілген орталықта ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына қажеттінің бәрі бар. Орталық мүгедектерге және олардың отбасыларына психологиялық көмек көрсету,  жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық және әлеуметтін дағдыларға оқыту мен техникалық құралдарды пайдалануды үйретеді. Сондай-ақ спорттық дене шынықтыру, массаж, көңіл сергіту шаралары, зияткерлік ойын түрлері мен рухани- танымдық шаралар өткізуге жағдай жасалған. Мұнда демалушылар салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын түзейді. Күніне 30 мүмкіндігі шектеулі азамат пен ардагерлерге қызмет көрсету жоспарланып отыр.

Жаңа форматтағы жиналыстар

Созақ ауданы Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу және Созақ ауданында автоматтандырылған газ тасымалдау станциясы бар магистральды газ кұбыры-тармағын салу жобаларының жалпы құны 7,6 млрд. теңге және Ұлттық қор есебінен 2 млрд. теңге бағытталды. Бұл жайлы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының созақтықтармен кездесуінде мәлім болды.

Автоматтандырылған газ тасымалдау станциясы бар магистральды газ кұбыры-тармағының құрылысы келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылға 600 миллион теңге қаражат қаралған АГТ станциясы бар магистральды газ құбыры-тармағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы Созаққа магистральды газ кұбырын тарту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Табиғи газды жеткізетін ішкі жүйелерінің жұмысы жүріп жатыр.

«Тәуелсіздік» саябағындағы сырласу

«Тәуелсіздік» саябағында Созақ тұрғындарының алдында сөз алған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды салаға бөліп, түсіндіріп берді. Алдағы жоба жоспарлармен бөлісті. Алғаш іссапарын Созақ ауданынан бастаған облыс әкімі Мемлекет басшысының халыққа Жолдауының ел арасында үлкен қолдауға ие болғанын айтты.

—  Біз үшін басты міндет — сіздерге адал қызмет ету.  Берілген уәделерді орындау.  Сіздерді толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді бірге талқылау үшін келіп тұрмыз.  Бұл жерде барлық басқарма басшылары және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары отыр. 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында Президент реформалардың нақты бес бағдарларын айшықтап берді.

Халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселер бойынша нақты шешімдер мен тапсырмалар берді. Олар еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жалпы, бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуіміз қажет.  Осында берілген уәделердің бәрі заң шеңберінде орындалады,  — деді Дархан Сатыбалды.

«Ауыл-Ел бесігі» жобасымен жолдар жөнделуде

Қазіргі таңда облыстық маңызы бар  «Уланбел-Созақ-Екпінді» автожолының Шолаққорғаннан Таукентке дейінгі 181-214 шақырым аралығы жөндеуден өтіп жатыр. Созақта жалпы құны 1,9 млрд. теңге құрайтын 2 мектеп салынып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жолдар жөнделуде. Өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жобалар іске асырылуда. Өңір халқының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табатын болады.

Жаңа форматта өткен халық алдында есептік кездесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымдық мәселелер жөніндегі сұрақтары  басым болды. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, облыс басшысы тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.

Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың көтерген ұсыныстары мен өтініштеріне құлақ асты. Тұрғындар жеке мәселесі бойынша өңір басшысына өтініштерін жеткізді.

Халықпен кездесу алдында өңір басшысы мемлекеттен грант алып,  кәсібін дөңгелеткен аудан тұрғындарының көрмесін тамашалады.  Кәсіпкерлікке қолдау жалғасатынын жеткізді.

 

Шабандоздар Созақ арқылы өтеді

 

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кезекті аппарат мәжіліс өтті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен өткен жиында бірнеше мәселе қаралды.

18-қыркүйек күні Сарыарқа төрінен «Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон- бәйге басталған болатын. Астана қаласынан – Түркістанға дейін 1200 шақырым жолды жүріп өтетін марафон- бәйгеде еліміздің облыстарынан жасақталған 20 команда, 100 шабандоз  қатысады.

Сайыста шабандоздар Созақ ауданынан жүріп өтеді. Сайын даланы ат тұяғымен дүбірлетіп шабандоздарды күтіп алу, оларды Түркістан қаласына шығарып салуды ұйымдастыру мәселесі талқыланды.
-Қазақ ат үстінде өскен халық. Бұрын соңды мұндай бәйге елімізде ұйымдастырылмаған. Елордадан шыққан шабандоздар біздің аудан арқылы өтеді. Осындай үлкен шараны лайықты дәрежеде өткізуіміз керек, — деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.

Мәжіліс барысында ауыл шаруашылық саласы бойынша сегіз айдың қорытындысымен атқаралған жұмыстар туралы бөлім басшысы Қайырбек Мейірманов баяндама жасады. Сондай-ақ аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков, қаржының игерілуіне қатысты хабарлама жасады. Аудан басшысы алда тұрған міндеттер  туралы салалық бөлім басшылары мен ауыл, кент округ әкімдеріне тапсырма берді.

Чемпионға құрмет көрсетілді

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, джиу-джитсудың екі түрінен Азия чемпионы атанған Акбар Елубайұлын қабылдап, құрмет көрсетті.
-Халықаралық спорттық  жарыстарда биік белестерден көрініп жүрген  Акбардың жетістіктері жастарға үлгі. Талантты спортшыларды қашанда қолдауға тырысамыз. Көк туымызды жыл басынан бері Испания, Өзбекстан мемлекеттерінде желбіретіп жүрген өзіңе, аудан әкімдігі атынан алғысымызды білдіремін,- деді Мұхит Тұрысбеков.

Аудан басшысы спортшыға, алғашқы жаттықтырушысы Бақытжан Бейсенбаевқа  алғыс хат табыс етіп, сый- сияпат жасады.
Өзі алғаш күрестің әліппесін үйренген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шеберлік сабағын өткізіп, балғын палуандармен кездесті.
Акбар Елубайұлы- Өзбекстан мемлекетінің Бұқара қаласында 8-11 қыркүйек айында джиу- джитсудан Азия чемпионатында жеңімпаз болып, тұғыр биігінен көрінген болатын.
Қазан, қараша айында «Naiza» fighting championship кәсіпқой промоушінінде өнер көрсетеді.

          ОН ҮЗДІК ОҚУШЫҒА «ЕЛБАСЫ МЕДАЛІ» ТАБЫСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 2020 жылдан бастап «Ел Үміті» бағдарламасы аясында «Елбасы Медалі» жобасы жүзеге асырылып келеді.
Білім көкжиегін кеңейтіп, танымын арттыруға ұмытылған жастарға арналған «Елбасы медалінің» биылғы иегерлері анықталды. Үздіктердің қатарында көрінген ауданның 10 оқушысы мен жасына «Елбасы медалін» аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салтанатты түрде табыстады.

-Бүгін сіздерді өмірлеріңіздегі ерекше сәтпен құттықтаймын. Қазіргі заманда оқуға, білімдеріңді арттыруға барлық жағдай жасалған. Бұл жоба өскелең ұрпақты қолдауға және ынталандыруға арналған.   Алдағы уақытта осы бақытта ізденіп, елге пайдалы білімдеріңді тереңдетіп, дағдыларыңды дамытып, халыққа қызмет етеді деп сенемін, — деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы.

Кездесу барысында оқушылармен еркін форматта әңгімелесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Қызықты өткен кездесуде оқушылар аудан әкіміне алдағы жоспарларын бөлісті. Ойларын ортаға салды.
«Елбасы медалін» Қ.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы күміс медаль иегері Тұран Өсер Мырзабекұлы алды.  Қола медаль иегерлері С.Әліұлы атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы  Абдіразақ Айдана Бекарыстанқызы, Т.Момбеков атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы  Жалел Ерзат Мусинұлы мен Кемал Ислам Русланұлы, І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Асан Айдина Ғалымжанқызы, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы  Есенбек Дильназ Құралбекқызы, С.Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы  Әуесбек Зәуреш Серікқызы, Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебін бітіріп, бүгінде Қарағанды қаласындағы ЖОО студенті Бауыржанқызы Инабат, Қ.Кемелұлы атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы  Азат Нұрила Қайратқызы, Н.Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицей Жолдас Назерке Серікқызы ие болып отыр.

 

Табыстың тай қазанын тасытқандар

 

Аудан орталығы «Даңқ» саябағында «Алтын күз-2022» ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған жиын өтті. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық және жаңбырлатып суғару технологиясының көрмесі өткізіліп, асыл тұқымды мал басының түрлері тұрғындарға көрсетілді.

Бүгінгі мерекелік шарада барша еңбек адамдарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.

«Ауыл шаруашылығы ауданымыздағы негізгі салалардың бірі. Ата- бабадан келе жатқан бұл саланы өңір шаруалары табысты қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығындағы тың әдіс жаңбырлатып суғару технологиясын кеңінен қолданып, оның нәтижесін көруде. Біздің алдымызда өнім көлемін арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыратын боламыз»,- деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.

Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент округ әкімдерін марапаттады. Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімі 1 орын, Қаратау ауыл округ әкімі 2 орын, Қарақұр ауыл округ әкімі 3 орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл аталымымен Құмкент ауылдық округі    марапатталады.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін озат шаруалар «Қарақұр» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы  Сания Садырханова,  «Қуан» шаруа қожалығының мүшесі Ержалғас Досанұлы, «Жанболат» шаруа қожалығының төрағасы Жанболат Адишов,  «Атамекен» шаруа қожалығының мүшесі Ержан Асқаров, «Бабата-1 ЖШС» төрайымы Сәуле Қалдыбекова, «Құмкент» өндіріс коперативінің мүшесі Сейітмахан Берікбаев, «Сасықбұлақ» шаруа қожалығының мүшесі Қанат Қайратұлы, Қаратау ауыл округінен тұрғыны  Ағажан Ақжігітке  аудан әкімі салтанатты түрде алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, Түркістан облысы әкімдігі  ауыл шаруашылығы басқармасы «Егін шаруашылығы» бөлімінің басшысы Таңатар Жақыпбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, шаруаларды құттықтап, марапаттады. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.

 

           Созақтық шаруалар жаңа технологияны меңгеруде

Биылғы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 10 823,4 миллион теңге  болып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 939 миллион теңгеге артып отыр.  Осы жылы  14275 га егіс егіліп, тапсырма  103 % орындалды. Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. Шолаққорған, Қарақұр, Созақ, Құмкент,   Қаратау ауыл округінің тұрғындары жалпы 5,05 га аумақ тамшылатып суару әдісімен суарып, өнімдерін алды. Мұнан бөлек, суды тиімді пайдалану мақсатында  Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығы 40 гектер, «Жанболат» шаруа қожалығы 12 гектар, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 гектар, барлығы 62 га аумаққа ағын суды үнемдеу мақсатында  жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатты. Бүгінгі таңда егінді жаңбырлату суғару әдісін пайдалану өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.

Осы уақытқа дейін «Болыс ата», «Нұрмағанбет» шаруа қожалықтары қарбыздарын шетелге экспортқа шығарған. Биыл да ауыл округтегі ең ірі «Б.Абдраманов» шаруа қожалығы осы істі қолға алып, Ресей мемлекетіне шығарып сатты.  Жыл басынан бері 16 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды.

Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп,  «Сыбаға» бағдарламасы  аясында 3921 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. 820 бас қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алынды. Созақтық шаруалардың алдында жаңа технологияны қолдана отырып, ауыл шаруашылығын дамыту сынды міндеттер тұр.

Иса БЕРКІМБАЙ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.