Түйме – өркениеттің бір бөлшегі

Түйме – өркениеттің бір бөлшегі

84 просмотров

Түйме – өркениеттің бір бөлшегі

     Қазақ халқының көне заманнан сыр шертетін  дәстүрлі қолөнерінде сәні мен салтанатына тәнті  етерлік  зергерлік өнер маңызды орын алады. Көркем өнер шығармашылығының осы бір түрі өнердің барлық буынын бойына  жинаған.  Адам баласы  ежелден  әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Сәндік үшін тағылатын әшекей бұйымдар киім-кешектің талғамдық тартымдылығын арттырумен қоса, адамға игі әсер ететін айрықша магиялық қасиетке ие деген наным сенімге байланысты да пайдаланған. Неолит заманынан бастап адамдар  сүйектен, ұлу тастан жасалған түрлі алқа, білезіктер таққан. Ер адамдар үшін  батырлығын көрсету үшін өзі аулаған аңдардың сүйектерін, тістерін әшекей ретінде пайдаланған, бұл оларды топ арасынан ерекшелеп тұратын болған. Уақыт өте келе зергерлік бұйымдардың  сәндік рөлі алдыңғы орынға шыға бастайды, ал тіл- көзден, бәле-жаладан қорғау қызметі өзінің мәнін сақтап қалғанымен, екінші кезекке ысырылады.  Зергерлік өнер тілін тапса, тарих болып төгілетін өткен ғасырлардың шежіресі сынды. Қазақта «күмісті қолдың асы адал» деген ұғым бар. Ата-бабамыз күміске ерекше мән берген. Соның бірі киімнің сәнін беретін — түйме тағу. Түйменің таңғажайып тарихы ежелден басталады екен. Ежелгі адамдар түйменің орнына киімнің шетін түйіндеп байлап жүретін болған. Сүйектен, өсімдіктердің тікенектерінен түйреуіш жасап, түйреп жүрген. Ежелгі Египетте киімнің екінші шетінен тесік жасап, сол арқылы баулық өткізіп, байлап жүретін болған. Түймеге ұқсас ежелгі заттар Үндістанда табылған. Олар ежелгі заманда әшекей ретінде қолданылған. Осыған ұқсас заттар қола дәуірінің естелігі ретінде Қытайда да табылған. Ұлу қабыршақтарынан жасалған түймелер Үнді өркениетінің естеліктері ретінде біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдарда әшекей ретінде қолданылған. Олардың кейбіреуі геометриялық фигураларға ұқсас болып келеді.

 Ең ежелгі түймелер б. д. д 5000 жыл бұрын жасалған деген де деректер бар. Кәдімгі біз тағынып жүрген түймелерге ұқсас тастардан жасалған түймелер Түркияден б. д. д 1500 ж табылған. Кәдімгі түймелер Германияда 13 ғасырда пайда болды және кеңінен қолданысқа ие болды. Содан бастап денеге жабысып тұратын киімдер Европада сәнге айналды. Түйме сондай — ақ сиқырлы бойтұмар ретінде Ресейде де ұзақ уақыт бойы қолданысқа ие болды. Орта ғасырларда ұмыт бола бастаған түймелер 13 ғасырда пішудің, сәнді киімдердің пайда болуымен қатар жаңа бір маңызға ие болды.
Түймелі адам бай адам ба? Түймесіне қарап, кісінің бай немесе кедей екенін анықтауға болатын еді. Алтын, күміс түймелі киім киген кісілер қоғамда жоғары мәртебеге ие болды. Түймелер піл сүйегінен, тасбақаның жабынынан, сондай — ақ қымбат бағалы тастардан жасалған.
Түймені қай елде көп жасады және неден жасады?
Франция түйме өндіруден алдына жан салмаған. Олар түймені фарфордан жасады. 18 ғасырда Богемияда әйнек түймелер жасап шығарған. 19 ғасырдың басында Европада папье — машьеден жасалған түймелер тек сәндік киімдерге ғана тағылды. Ал күнделікті киетін киімдерге пластмасса түймелер қолданылды. Сондай — ақ киімнің матасымен қапталған түймелер де ерекше сәнге айналды. Түймені ағаштан, теріден, әйнектен, перламутрдан, металдан да жасады. Металл түймелер ұзақ уақыт бойы тіпті ақша орнына да қолданылды. Алтын, күміс, мыс, мырыштан да түймелер жасалды.[5]

Сондай — ақ түймені тағудың өз ерекешелігі болған.

Сондай — ақ ерлерде түйме киімнің оң жағына, ал әйелдерде сол жағына қадалады. Мұның да өзіндік сыры бар. Біріншіден, бұл әйелдер мен ерлер киімін ажыратудың ең оңай жолы. Екіншіден, тарихқа сүйенсек, ертеде әйелдер оң қолымен баланы көтеріп жүріп, сол қолымен түрлі шаруаларды атқара беретін болған. Сол себепті әйелдерде түйме сол жақта орналасқан деген болжам бар. Ал ерлер болса ат үстінде жүргенде үнемі сол қолымен аттың тізгінін ұстаған. Ал оң қолымен қару — жарағын ұстап жауға шапқан. Ал жайшылықта қаруын қынабына салып жүрген. Сол қолы ат тізгінінен босамаған. Сондықтан ерлердің түймесі оң жақта орналасқан деген жорамал да шындыққа жанасады. [3]

Әйелдердің киім-кешегінің сәнді кешеніне әртүрлі тана, түйме, түйреуіш, опа-далап салатын сәнді құтты т.б. жатады.

  • Бастырма – камзол, кәжекей, көйлектің өңірін бастыратын, кейде көйлектің етегіне қадалатын алтын жалатылған күміс әшекей. Көкшетау облсында бастырма деп костюм, пвльтоға тағатын ірі түймені айтады.
  • Бесқұлақ – бес күміс теңгенің ортасына асыл тас орнатқан бастырма сияқты зат.
  • Жарма – әйел көйлегінің екі өңіріне тағылатын жапырақ бейнелі шытыра.
  • Тана – сәндік үшін жағаға, баскиімге, омырауға тағатын әшекейдің бір түрі. Көбіне әйел киімдеріне тағылады. Тана түйме сияқты, бірақ одан үлкендеу, дөңгелек формалы жалтырап тұратын әшекей. Тана атаулары:
    • ақ тана – күмістен жасалған дөңгелек әшекей, түйме;
    • алтын тана – алтын жалатқан яқи алтыннан соққан тана;
    • көз тана – ортасында тасы (көзі) бар тана;
    • сүйек тана – сүйектен жасалған тана, түйме;
    • сіркелі тана – тананың сірке салған түрі;

  танакөз – көйлекке қадайтын кішкене ақ түйме, бұл кейде шыныкөз деп аталады, тана суы – сәнді жалпақ түйме.[4]

 Танакөз – дөңгелек формалалы, асыл тасты, күмістен не таза күмістің өзінен жасалған түйме тәрізді зат. Ол тана деп аталады. Қыздардың тақиясына, бөркіне, омырауға, жағаға да тағыла береді.

 Күміс түймелерді түрлі пішіндегі қалыпқа жұқалап балқытылған күміс құйып, артын қорғасынмен толтырып, түймелік орнатып, қалыңдығы пышақтың қырындай етіп жасайды. Формасын дөңгелек, алты тармақ, ортасына көз орнатып, шыны бояулармен қаралап, жартылай шар тәріздес домалақ етіп те жасайды.

1-2 Орталық қорындағы тана түймелер

Осындай түрлі геометриялық пішіндегі, мүйіз өрнек бедерлері бар күміс түйме түрлерінің үш-алты данасын көбіне қаусырынатын сырт киімдерге, бешпент, қамзолдарға таққан. Сырт киімге қадалатын түймелер үлкен, дөрекілеу пішінді келсе, іш-киіммен әйел түймелері нәзік әрі көркем әрленген болып келеді. (Х.Нүркеұлы) Әйелдер үшін зергерлердің көп жасайтын әшекейлерінің бірі – үлкенді – кішілі түймелер. Оны көбінесе ішін қуыстап әртүрлі кескін бере күмістен жасайды сыртына зер салады. Мұндай түймелерді торсылдақ түймелер деп атайды. Шағын түймелерді көбінесе асыл тастарды тесіп оған күміс өткізу арқылы кейде түсті жұмыр тастарды қоршауларға орнатып та жасай береді. Х.Арғынбаев.

 1-8 Күміс түймелер Тарихи-мәдени-этнографиялық орталық қорынан

Халық бұрын ғылым мен білімге қолы жетпесе де, сұлулық пен әсемдікті таңдай да, талғай да білген. Өз тұрмысы мен мәдениетінде қолөнерін мұрат тұтып жетілдіре білген.

Түйме – өркениеттің бір бөлшегі. Бірақ түйме кішкентай болғанмен оның тарихы тереңде жатыр. Түйме біздің өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналды. «Кен асылы жерде, сөз асылы елде» дегендей, өнер түрлі елде мол, халықпен бірге жасап келеді және жасай береді.  Қазақстанның сәндік қолөнері – біздің ұлттық мәдениетіміздің  құрамды бөлігі. Оны дамыта отырып, жер-жерде халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпақтарға насихаттау, қолөнер бұйымдарының сапасын арттыра беру аса құрметті және игілікті іс болмақ.

Мирзабекова Айман Үсенқызы,

Түркістан облыстық, Түркістан қаласы тарихи-мәдени-этнографиялық орталық МКҚК Ғылыми қызметкер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *