ТҮРКІСТАН: "БІЗ БІРГЕМІЗ!" АКЦИЯСЫМЕН 7 МЫҢ ОТБАСЫҒА КӨМЕК ЖЕТКІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: «БІЗ БІРГЕМІЗ!» АКЦИЯСЫМЕН 7 МЫҢ ОТБАСЫҒА КӨМЕК ЖЕТКІЗІЛУДЕ

10 просмотров

ТҮРКІСТАН: "БІЗ БІРГЕМІЗ!" АКЦИЯСЫМЕН 7 МЫҢ ОТБАСЫҒА КӨМЕК ЖЕТКІЗІЛУДЕ

Төтенше жағдай елімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Қауіпті індетке қарсы шектеулердің салдарынан күнделікті азын-аулақ табысқа жұмыс істейтін тұрғындар әжептеуір қиналып қалды. Наурыз айында Елбасы бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылып, оны кәсіпкерлер қолдады. Осы қор арқылы еліміздегі ең ірі 23 қаладағы 150 мыңнан астам мұқтаж отбасыға 50 мың теңгеден аударылды. Түркістан облысынан тізімге Түркістан қаласы енгізіліп, облыс орталығындағы 4903 отбасы осы көмекке ие болды.

ТҮРКІСТАН: "БІЗ БІРГЕМІЗ!" АКЦИЯСЫМЕН 7 МЫҢ ОТБАСЫҒА КӨМЕК ЖЕТКІЗІЛУДЕ


Қиын кезеңде мемлекет тарапынан елге қолдау көрсетілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен коронавирустің алдын алу бағытында нақты жұмыстар қолға алынды. Табысынан айырылғандарға жәрдемақы тағайындалды. Министрліктер мен әкімдіктер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«Nur Otan» партиясы да белсенді әрекетке көшіп, елдің ортасынан табылып жүр. Облыс бойынша «Біз біргеміз!» 7 мыңға жуық отбасыға азық-түлік жеткізілуде. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Қазірдің өзінде онлайн жүйеде көмек сұраушы тұрғындардың қатары мыңнан асты. Сонымен бірге басым бөлігіне гигиеналық және медициналық заттар да таратылды. Бұл ретте «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы, аудан, қалалардағы филиалдарымыз, кәсіпкерлер облыс, аудан, қала әкімдіктері бірлесіп жұмыс атқаруда. Партия филиалының қызметкерлері мен «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері, еріктілер көмекке зәру отбасыларға азық-түлік апарып, демалыссыз жұмыс жүргізуде. Шалғайдағы ауыл-аймақтарға да көмек барды.

ТҮРКІСТАН: "БІЗ БІРГЕМІЗ!" АКЦИЯСЫМЕН 7 МЫҢ ОТБАСЫҒА КӨМЕК ЖЕТКІЗІЛУДЕ


Бірақ әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда тұрғындар тарапынан жалған ақпараттар, дөрекі пікірлер де айтылып қалып жатыр. Бір нәрсе анық. Партия филиалдарының өкілдері қол қусырып қарап отырған жоқ. Түркістан облысы бойынша барлық аудан, қалаларды аралап, жергілікті әкімдіктер ұсынған тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмектесуде. Тек Жетісай ауданының өзінде 1 мың отбасыға азық-түлік жәрдемі жеткізілді.
Партиямыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына, қоғамдық қабылдау бөлмелеріне, филиалдарына түскен жүздеген өтініштер және филиалға келіп көмек сұрағандардың да талап-тілегін қолдан келгенше орындау үстіндеміз. Осы ретте біздің партия қызметкерлеріне, отаншыл азаматтарға, жанашыр кәсіпкерлер мен депутаттарға, еріктілерге «Жас Отанның» жастарына алғысын айтып жатқандар көп. Өкінішке қарай, мән-жайды толық білмей жатып байбалам салып жүргендер де баршылық. Одан да осылай нақты іспен көмектескен дұрыс, әрі сауапты іс деп білеміз.
Біз көмек берілетін отбасылар тізімін аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен аламыз. Әсіресе, Түркістан қаласында берілетін 50 мың теңге бойынша тізімге енбей қалған кейбір тұрғындар наразылықтарын айтуда. Ол көмектің кімдер алатыны туралы толық ақпараттар таратылды. Оған қоса біз әлеуметтік көмектің шын мұқтаждарға жетуі үшін арнайы комиссиялар жасақтадық. Партия филиалының қызметкерлері Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде апта бойы болып, бұл істі бірге атқаруда. Қызметкерлеріміз жергілікті депутаттармен, белсенділермен бірге жүздеген үйлерді аралап көрді. Тексеру арқылы бірқатар тұрғынның өтініші қанағаттандырылса, бірқатары кері қайтарылды. Демеушілердің көмегі шексіз әрі барша қауымға жетпейтіні түсінікті. Сол үшін тұрғындар көмектің шын мұқтаждарға жетуіне мүдделі болуы тиіс.
Осы жағдайды екшей келе келешекте біз бүкіл облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылар картасын жаңарту, оған қоғам белсенділері мен әр көшенің жанашыр азаматтарын тарту керектігіне көз жеткіздік. Әлеуметтік салаға жауапты мекемелердің де жұмысын жандандырып, ашықтыққа, елді жұмыспен қамтуға басымдық берілгені жөн. Ең бастысы, әрбір үйде ер-азаматы, яғни, отағасы отбасы, қоғам алдындағы өз жауапкершілігін күшейткені абзал. Әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар отбасыны асырауға жетпейді.
Кейде үйі, асыраушысы, орташа болса да табысы бар тұрғындардың өзі күн сайын парақшаларымызға хат жазып, «жұртқа берген көмекті бізге де беріңдер» деп сұрайды. Тұрмысы дұрыстау, мемлекет тарапынан өзге де көмек алып жүрген ағайындар сабыр сақтай білсе, бұл көмектер шын иелеріне баратыны анық.
Өздеріңіз білетіндей, облыс бойынша карантин режимі енгізілді. Тұрғындар үйлерінде болуы тиіс. Партия филиалдары тұрғындардың өтініштерін онлайн режимде қабылдай береді.
Небір қилы замандардан аман өткен Қазақ елі бұл қиындықты да еңсереді деп сенеміз. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Ең бастысы, тәртіп, қанағат, сабыр және болашаққа деген сенім жоғары болғаны жөн. Біз біргеміз!

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *