Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз өңірлердің қатарында

Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз өңірлердің қатарында

43 просмотров

Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз өңірлердің қатарында

Екі миллионнан астам халқы бар Түркістан облысы еліміз бойынша ең қылмысы аз өңірлердің қатарында. Демек, облыста қоғамдық-саяси ахуал, криминогендік жағдай бір қалыпты. Бұл туралы ел алдында есеп берген Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков айтып өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері, тұрғындар қатысты.

—              Жол қауіпсіздігі біздің күн тәртібіміздегі өзекті мәселелердің бірі. Жол апаттарының азаймауының төрт түрлі себебі бар. Бірінші, көлік басқарушылардың жылдамдықты асырып, жол ережесін бұзып қателіктерге жол беруі болса, екінші қараусыз малдардың жол бойына шығып кетіп, жол қозғалысына кедергі келтіруі. Үшінші себеп ретінде облыс орталығы болғандықтан адам мен көлік санының артуын айтуға болады. Статистикаға сүйенер болсақ, облыстың өзінде 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы көлік саны 15 мың 121-ге көбейген. Ал, 4-ші себеп полицейлер тарапынан профилактикалық жұмыстың төмендігі. Осы іске қызметкерлерді арнайы бөліп, іс-шараларды атқарсақ та, заңды бұзатын жүргізушілер саны азаяр емес. Сондықтан біз профилактикалық іс-шаралар санын бұдан әрі қарай да көбейте түсетін боламыз  — деді Қайрат Сұлтанбайұлы.

Өткен жылы есірткі бойынша 166 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Полиция қызметкерлерінің жыл бойына жүргізген есірткіге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесінде есірткі бойынша 397 қылмыстық құқықбұзушылық, есірткі егудің 54-жайты, сақтаудың 68-жайты анықталыпты. Сондай-ақ, заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам есірткі заты алынса, 2 келіге жуық героин тәркіленген. Ал, өңірде мал ұрлығы қылмысы 34,1%-ға кеміген. Бірақтан, Кентау қаласы мен Шардарада мал ұрлығының өскені байқалады. 

—              Түркістан қаласының аумағына қарасты 12 ауылдық округ бүгінде Кентау қаласының құрамына енгені Кентаудағы мал ұрлығының өсуіне себеп болып отыр. Оған қоса қора-жайларды дұрыс бекітпеу, иесіз жайылымдарға жібере салу секілді тұрғындар тарапынан орын алатын салғырттықтар да ұрлықтың көбеюіне сеп болуда. Мал ұрлығын жедел ашу мақсатында атқарып жатқан жұмыстарымызға «чат» әдісін пайдаланудамыз. Яғни, заңсыз тасымалданған малдар полицейлер тарапынан анықталып, бейне тіркегіштерге, суретке түсіріліп, арнайы чатқа жіберіледі. Мал ұрлығы бойынша арызданып келген азаматтарға чаттағы бейне жазбалар мен суреттер көрсетіледі.  Бүгінгі таңда мұндай әдіс өз нәтижесін беруде – деді Қ.Дәлбеков.

Бүгінде облыс көлемінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 2,9%-ға, ал көшелерде жасалған қылмыстар 4,5%-ға азайған.

—              Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының қолдауымен облыс орталығын «Қауіпсіз қалаға» айналдыру мақсатында өңірлердегі тәжірибелі полиция қызметкерлері киелі өңірге жұмылдырылып, жүйелі іс-шараларды атқаруда. Күнделікті бөлінген патрульдік полиция қызметкерлері де жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты асырған жүргізушілер, қала тазалығын сақтау бойынша түрлі жұмыстарды белсенді атқарды. Өз кезегінде бірқатар тәртіпсіздіктер реттеліп, қала халқы өз өмірінің амандығы үшін белгіленген жерлерден өтуге қалыптасып, қауіпсіздікке байланысты нәтижелі жұмыстарға қол жеткіздік – деді департамент бастығы.

Өткен жылы Түркістан облыстық полиция департаментінде процессингтік орталық пен жедел басқару орталығы ашылды.  Нәтижесінде Түркістан қаласында 56 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Жалпы облыс аумағында 506 бейнебақылау камералары бар болса, олармен 101 қылмыс ашылып, 10 307 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Процессинг орталығына қосылған 7 жылдамдық өлшеуіш құрылғылары және 1 қиылыс бақылау интеллектуалды камераларымен 37 мың 260 құқықбұзушылық анықталып, 401 млн. 303 мың 300 теңге айыппұл салыныпты. Оның 172 млн. 188 мың 252 теңгесі өндірілген.

Тағы бір айта кететін мәселе, облыс полицейлерінің ерлік тұрғысындағы мақтауға тұрарлық іс-әрекеттері көп. Оның ішінде Қазығұрттық полицейдің бүтін бір отбасының асыраушысын суицид жасамақшы болған жерінен аман алып қалуы, көпірден секірмекші болған жас келіншектің құтқаруын арнайы атап айтуға тұрарлық.

—              Суға батып өмірімен қоштаспақшы болған бойжеткен қыз бен Жетісайда орын алған соңғы оқиғаны мақтанышпен айта аламыз. Яғни, Жетісайлық полицей Марат небары 3 минутта оқиға болған жерге жетіп, оқушы баланы суық судың ортасынан құтқарып алып, медициналық алғашқы көмек көрсетті. Полицейдің көзсіз батырлығының арқасында жас бала аман қалды. Сондықтан кез-келген көмекке мұқтаж адамға полиция қызметкерлері өз жанын тәуекел ете отырып, көмек қолын созады. Себебі, ерлік тек білекте емес, жүректе – деді полиция генерал-майоры.

Есептік жиында көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға кең көлемде жауаптар берілді.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *