ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРАЙМЕРИЗ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРАЙМЕРИЗ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТІП ЖАТЫР

49 просмотров

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРАЙМЕРИЗ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТІП ЖАТЫР

«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – праймеризге дайындықты тексеру және өңірдегі партия белсенділерімен кездесу. Партия хатшысы Отырар ауданы, Түркістан және Кентау қалаларында болды. Алдымен Отырар аудандық Мәдениет сарайында праймеризге қатысушылармен, одан кейін Арыс ауылында «Отырар» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен жүздесіп, саяси науқанның маңызы туралы ой қозғады.

«Праймериз – партияның ішкі іріктеуі деп айтқанымызбен айналып келгенде бүкілхалықтық сипатқа ие болды. Әлеуметтік желілерде, интернет кеңістігінде осы тақырып сөз болып жатыр. Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймеризді әділ әрі жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Бәріміз сенім үдесінен шыға білуіміз керек. Еліміздегі әділеттіліктің салтанат құруы, барлық мәселенің дұрыс шешілуі айналып келгенде өзімізге байланысты. Сондықтан партияішілік праймериз ережеге сай әділ әрі ашық өтуі тиіс. Партия басшылығы баршаңыздан осыны талап етіп отыр. Жұртшылықтың да ойы осы деп ойлаймын. Белсенді, іскер азаматтарды қатарға қосып, елдік мәселелерге араласуына жағдай жасау – міндетіміз», – деген Арман Оразбайұлы партияластардың сұрақтарына жауап берді.

Саясаттанушы, «Жақтастар лигасының» өкілі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров еліміз үлкен өзгеріс қарсаңында тұрғанын айтты.

«Саяси өзгерістер ауылдан, ауданнан, облыстан басталады. Аудандық мәслихаттарға өзіндік ұстанымы бар қоғам белсенділері келуі керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда 210 мәслихат құрамында 3335 депутат бар екен. Соның тек 2 пайызы ғана – жастар. Сондықтан әділеттілікті алдымен жергілікті елді мекендерде орнатуымыз керек. Сіздер, яғни, праймеризге қатысушылар үлкен өзгерістердің бастауында тұрсыздар», – деді Е.Саиров.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партия мүшелері праймеризге арналған бағдарламаға арнайы тіркеліп, олардың дауыс беруіне жағдай жасалып жатқанын баяндады. Праймеризге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Бұдан кейін «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Кентауда бастауыш партия ұйымы төрағаларымен және ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен, сондай-ақ праймеризге қатысушылармен кездесті.

Бұл кездесуде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Кентау қаласының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Дәурен Мақажанов және БПҰ төрағалары ұйымдастыру барысымен таныстырды.

Кентаудағы дауыс беретін орындарды аралап, дайындық барысын пысықтады. Кентау қаласындағы БПҰ төрағалары да көкейде жүрген ойларын айтып, праймеризге дайын екендіктерін жеткізді.

«Nur Otan» партиясының праймеризіне Түркістан облысының жастары ерекше қызығушылықпен қатысып жатыр. Облыста 1144 үміткер тіркелсе, оның ішінде жастардың үлесі – 341. Бұл – жалпы қатысушылардың 29,8 пайызы. «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Түркістан жастарымен жүздесіп, еркін пікір алмасқан соң Түркістан қалалық филиалында ұйымдастыру комитеті өкілдерімен кездесу өткізді. Оған Түркістан қаласының әкімі, партияның қалалық филиалының төрағасы Рашид Аюпов және ұйымдастыру комитетінің өкілдері қатысты.

Кездесуде Арман Қырықбаев облыста праймериз жоғары деңгейде өтуі тиіс екеніне тоқталып, партия филиалына бірқатар тапсырма берді. Ұйымдастыру барысындағы мәселелерді тыңдап, ой бөлісті.

Жалпы Түркістан облысы праймеризге қатысушылар саны бойынша республикада бірінші орында тұр. Өңірде офлайн өтініш бергендер саны – 513, онлайн өтініш бергендер саны – 631. Дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 209 орын белгіленді. Дауыс беру форматы бойынша электрондық бюллетень арқылы онлайн форматта 170 орында, дәстүрлі қағаз бюллетенімен 39 орында өтеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *