ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЙЛЕРДЕ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ШАШ ЕТЕКТЕН

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЙЛЕРДЕ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ШАШ ЕТЕКТЕН

60 просмотров

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЙЛЕРДЕ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ШАШ ЕТЕКТЕН
Ашық дереккөзден алынды

Тұрғындар тіпті жаңа үйдің құлауы да ғажап емес дейді.

Түркістан қаласында пайдалануға берілгеніне жыл толмаған көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Сапасыздықтан пәтерлердің ішіндегі сылағы түсіп, қабырғасы іргетасынан бастап бесінші қабатқа дейін жарылған. Бұл Түркістанның жаңа қала атанған «Отырар» мөлтек ауданындағы №32 тұрғын үйдің бейнесі.


Пәтер иелерінің айтуынша сапасыз салынған үйде тұруға жүрексінетін көрінеді. Әйткенмен барар жері басар тауы болмағанан соң басқа лаж жоқ. «Қабырғасы құлап, басып қалмаса болғаны» дейді тұрғындар.


«Пәтерді ағымдағы жылдың ақпан айында алдық. Тұрып жатқанымызға көп болмаса да бордай тозып кетті. Бұған себеп сапасыз құрылыс. Сыпырылып түскен сылақтардың орнына қолымыздан келгенше ішкі әрлеу жұмыстарын өзіміз жасадық. Мұндай жұмыстарды жасауға көршілеріміздің кейбірінің шамасы жетсе, енді бірінің шамасы жете бермесі анық. Өйткені алды 10 перзенті бар көпбалалы аналар. Сылағы түскен жерді жамармыз, бірақ қақ айырылған қабырғаны қайтеміз….», — дейді №32 тұрғын үй 24 пәтердің тұрғыны Раушан Бекшораева.


21 пәтердің иесі көпбалалы ана Айнұр Толысбекова сапасыз құрылыс жайында жауапты мамандарға тұрғындардың жан айқайын жеткізген. Тиісті мамандар «өздерің істейсіңдер» деп қайтарған көрінеді. Тоғыз айда тозығы шыққан жаңа үйлердің ішкі әрлеу жұмысын қайта жасап беруін талап етіп отыр.


«32 тұрғын үйдің үшінші қабатында 32 пәтерде тұрамыз. Құдайдың берген сегіз ұл-қызым бар. Балаларымның арқасында алтын алқа иегері атанып осы пәтерге қол жеткіздік. Отағасы Нұрлан Жакипов күзетші болып жұмыс жасайды. Ал мен осы балаларыммен үйдемін. «Ауруын жасырған өледі» демей ме қазақта. Бізге берілген үйдің жағдайы мәз емес. Жылу беріліп жарытпайды. Регисторлар аз қойылған. Қабырға сөгіліп, сылағы төгіліп тұр. Соңғы айда электр жарығына келген төлемнің бағасы 18 мың екенін білгенде жағамызды ұстадық. Бұл бірінші рет емес. Көршілеріміздің барлығына осы айда төлем қағазы әдеттегіден қымбаттырақ болып келген. Комуналдық шығынды төлейміз бе? Пәтеріміздің жыртығын жамаймыз ба? Бір нәрсе айқын. Мұның барлығын балаларымыздың аузынан жырып беруге тура келіп тұр», — дейді Сәуле Молжігітова.

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЙЛЕРДЕ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕ ШАШ ЕТЕКТЕН


Бұл біз білген облыс орталығындағы сужаңа бір үй тұрғындарының уәжі. Әрқайсысының есігін қағып, жекелей сұрасаң айтар реніштерімен талаптары әлі де көп сықылды. Баспана иелері осында танысуға келген шенділерге бірнеше рет айтқан. Алайда, нәтиже жоқтың қасы екенін алға тартуда тұрғындар. Ендеше көпбалалы аналарды мазалаған бұл мәселеге облыс әкімі Ө.Шөкеевпен Түркістан қаласының әкімі Р.Аюпов қандай шара қолданар екен?

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Аймақ».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *