
Халықаралық әуежай Түркістан қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір онда құрылыс қызу жүріп жатыр. Басшылық тарапынан халықаралық әуежайдағы атқарылған жұмыстар жиі бақыланып тұрады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында «Turkistan International Airport» ЖШС-і тарапынан қолға алынған алып құрылыс алаңында жеке әріптестің 341 маманы мен 106 арнайы техникасы жұмылдырылған.
«Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайды салу, пайдалану және басқару» МЖӘ-нің келісім шарты Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен түзілген. Қазіргі уақытта әуежай құрылысының жолаушылар терминалының металл құрылымдарын монтаждау толық аяқталған.
Терминал қабырғаларын қалау жұмыстары — 60% аяқталып, қабырғалардың ішкі-сыртқы қабатын шынымен қаптау жұмыстары басталды. Сондай-ақ, ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перронның негізі 100 %, ұшу-қону жолағын асфальттеу — 50% аяқталған. Әуежайдың құрылысы барысында өндірістік жұмыс кестесі сақталуда. Сонымен қатар құрылысқа қажетті материалдар жеткілікті. Әуежайды 2020 жылдың соңына аяқтап, қолданысқа енгізу жоспарлануда.