
Түркістандағы қаланың әсемденіп, дамуымен қоса халыққа қызмет көрсету саласы да айтарлықтай алға жылжып келеді. Бүгінде кез-келген қалаған қызметті смартфондар арқылы бітіруге мүмкіндік бар. Осындай қосымшалардың бірі медицина саласында да тұрақты жұмысын жасап келеді. «DamuMed» мобильді қосымшасында пациенттің 100 % электронды паспорты жасақталған, осы паспорт арқасында бұрынғыдай санынан жаңылысар қағаздар арқалап жүру қажеттілігі азайды.
«DamuMed»- тің атқарар жұмыстары өте көп. Өз дәрігеріңе алдын-ала тіркелу, дәрігерлерді үйге шақырту секілді қызметтер аталмыш программа арқылы оңай, әрі жылдам жасау мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі уақытта қаламыздағы емханаларға тіркелген 20 мен 60 жас аралығындағы 18230, яғни 44 %- ы, ал 5 жасқа дейінгі балалардың 65 %-ы мобильді қосымша арқылы қажетті қызметіне қол жеткізе алады.
Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасы жөнінде арыз-шағым қабылдайтын сенім телефоны мен қалалық емхананның сайты да жұмыс жасап тұр. Аталған сайт арқылы өз ісіне ұқыпсыздық танытқан ақ халаттыларға сын-пікір қалдырып, басшылықтың шара қолдануын талап етуге болады. Бұл да қал тұрғындары үшін жасалған тағы бір қызмет десек қателеспейміз.