Түркістанда еліміздегі алғашқы 5G желісі іске қосылды

Түркістанда еліміздегі алғашқы 5G желісі іске қосылды

29 просмотров

Түркістанда еліміздегі алғашқы 5G желісі іске қосылды

Бүгін Түркістан қаласы 5G желісіне қосылды. Ауқымды жобаны облыс әкімдігімен бірлесіп ұлттық цифрлық оператор Kcell және телекоммуникациялық жабдықтар саласындағы әлемдік көшбасшы — Ericsson компаниясы жүзеге асыруда. Мамандар 5G біздің қазіргі күнге дейін қолданып келген 4G/LTE желісіне қарағанда жылдамдығы жеті есе көп екендігін алға тартып отыр. Желі рухани шаһардағы аэрапорт, темір жол  мен автовокзал, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық сынды туристер көп келетін, тұрғындар көп шоғырланған жерлерді қамтыған.

Ашылу салтанатында сөз алған «Қазақтелеком» АҚ Басқарма мүшесі Тимур Худайбердиев 5G технологияларының тиімді тұстарын тілге тиек етіп, ел тарихындағы тұтастай бір қаланың аталмыш желіге алғашқы болып іске қосылуымен қала тұрғындарын құттықтап, қолдау көрсеткен облыс, қала әкімдеріне арнайы алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған игі істің мол мүмкіндіктерге жол ашатынына тоқталды.

«Түркістанның түлеуіне әрбір облыстың қосқан үлесі зор. Өздеріңіз білетіндей әр өңір бір-бір ғимараттан салып қол ұшын созды. Көптің арқасында көркейген қарт қала солай қайта жаңғырды. Мұны еліміздің жеткен бір жетістігі деп айтсақ болады. Облыс орталығына айналған шаһарға облыс әкімдігімен бірлесе Kcell және Ericsson компаниясы 5G желісін енгізіп отыр. Туристер мен тұрғындарға қолайлы орталықтарды біз белгілеп бердік», — деді облыс әкімінің орынбасары Рашид Абатұлы.

Айта кетейік, қазіргі таңда мобильді технологиялар біздің өміріміз бен жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Пандемия өз кезегінде көптеген салаларда цифрландыруды жеделдетті. Соңғы 10 жылда мобильді трафик 300 есеге өсті, ал 5G технологиясы байланыс тарихындағы ең жылдам дамып келе жатқан технологияға айналып отыр. Ericsson Mobility Report 2021 есебіне сәйкес 2027 жылдың соңына қарай 5G желілерінде 4,4 млрд қосылым болады деп күтілуде. Бұл — әлемдегі барлық мобильді қосылымдардың жартысына жуығы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *